«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАСИЕТТІ ЖЕРГЕ ТАБАНДАРЫ ТИДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Этномәдени бірлестіктердің жас белсенділері мен Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының еріктілері “Ұлы дала елінің қасиетті мұрасы” жобасы аясында “Өз еліңді таны” жастар экспедициясына қатысты.

Іс-шара жастардың мәдени мұ­ра мен ел тарихына деген қызы­ғушылығын қалыптастыруға бағытталған. Экспедиция аясында олар Айыртау ауданының этномәдени орталықтарының өкілдерімен және жастарымен танысып, Қарасай мен Ағынтай батырларға арналған мемориалдық кешен мен Шоқан Уәлихановтың мұражайын аралады.

Қарасай мен Ағынтай батырлар кешені – достық пен халық бірлігінің символы болып табылады. Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген кешен 1999 жылы 15 қазанда бой көтерді. Тарихқа үңілетін болсақ, XVII ғасырда Қарасай мен Ағынтай батырлар туған жерін шетелдік басқыншылардан қорғаған. Айта кетерлігі, Есім ханның әскерін басқарған кезде Қарасай небәрі 18 жаста еді.

– Бұл жер маған өте қатты ұнады, аурасы ерекше. Керемет әсер алдым. Тобымыздың атынан осындай этноэкспедиция ұйымдастырғаны үшін алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ ескерткіш туралы толық және қызықты ақпарат берген мемориалдық кешеннің директоры Самиддин Омаровқа ризамын. Мұндағы айтылған қызықты оқиғалар мен деректер ешкімді де бейжай қалдырмады, – дейді Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының еріктісі Ажар Сыздықова.

Этноэкспедицияның екінші тобы Сырымбет тарихи-этнографиялық мұражайында болды. Жастардың көбі облыс орталығы­нан тысқары жерге алғаш рет шыққан екен. Сапарға қатысушылар бір күнде сабақ үстінде берілетін ақпаратқа қарағанда әлдеқайда көбірек білім алғандарын айтты.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp