«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауыл шаруашылығына қажетті сертификаттау орталығы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысында Франция компаниясымен бірлескен ауыл шаруашылығына қажетті сертификаттау орталығы ашылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сертификаттау орталығы Петропавлдағы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің негізінде ашылады. Бұл алғаш рет жоғары оқу орны базасында ашылатын орталық болмақ. Қазақстанға мал мен құсқа арналған вакцина жеткізумен айналысатын Француз компаниясы мұрындық болып отыр.

«Біз мал мен құсқа арналған дәрі-дәрмектер мен вакциналарды зерттеуге, әзірлеуге, өндіруге және сатуға мамандандырылғанбыз. Қазақстанда кәсіпкерлікті дамытуға ниеттіміз. Ал, Қозыбаев университетімен жобамыз дәл біздің технологияларды енгізумен байланысты. АҚШ, Ресей, Түркия, Еуропада – әлемнің түкпір-түкпірінде біздің өкілдеріміз бар. Орталық барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталады. Компоненттердің әрқайсысы үшін біз халықаралық мамандарды тренингке тартатын боламыз», – дейді француздық ветеринарлық фармацевтикалық компания өкілі Ферхат Билтекин.

Алдымен агротехнологиялық факультеттің оқытушыларын жаттықтырушы ретінде дайындау жоспарланған. Кейін олар аймақтағы студенттер мен фермерлерге білім беру қызметін көрсете алады. Осы мақсатта университетте ауыл шаруашылығы жануарларын вакцинациялауды үйрету үшін сертификаттау орталығы ашылады. Студенттер мен оқытушылар үшін сертификаттар тегін берілмек.

«Біздің университет түлектердің еңбек нарығында сұранысқа ие маман болуы үшін қажетті қаражат бөледі. Дипломнан басқа, олар жұмыс берушілер ұсынған халықаралық танылған компаниядан арнайы сертификат алады. Жергілікті студенттер, болашақ зоотехниктер, жануарларды вакцинациялаудың француз технологияларын меңгере алады. Демек, Солтүстік Қазақстан облысына осы сала жаңа серпіліс береді», – дейді университеттің ректоры Ерлан Шұланов.

Осы ауқымды жобаны жүзеге асыру мақсатында Қозыбаев университеті мен серіктес компаниялар арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Агротехнологиялық факультеттің білім беру бағдарламалары республикадағы 10 үздіктің қатарына кіреді. Қазір мұнда 750 студент білі алса, оның 90 % -дан астамы грантта оқиды, бұл студенттердің жоғары білімі мен ынтасының көрсеткіші.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp