Солтүстік Қазақстан облысында жылдамдықты асырған жүргізушілерге биыл 4 мыңға жуық әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жылдамдықты асыру – жол қозғалысы ережесін өрескел бұзу болып есептеледі. Бұл жол-көлік оқиғасына себепші болуы мүмкін, оның сладары ауыр.
Полиция қызметкерлері жылдамдықты асырушыны күнделікті патрульдеу барысында, бейнетіркеу камерасымен жұмыс істеу кезінде, рейд және жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында анықтайды. 2020 жылы жылдамдық режимін бұзудан 1 адам қаза тауып, 11-і жарақат алған, ал 2019 жылы қаза тапқандар – 7, жарақат алғандар – 26 адам. Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін полиция барлық жол қозғалысына қатысушылардың жүргізу мәдениетін арттырып, тәртіпті күшейту бойынша жоспарлы жұмыс істейді.
СҚО аумағында өткізіліп жатқан «Құқықтық тәртіп» іс-шарасының екі күні ішінде полицейлер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 592-бабы «Белгiленген жүру жылдамдығын арттыру» бойынша 97 хаттама толтырған.
«Жалпы өңірде жыл басынан осындай хаттамалардың 3 836-сы толтырылған. Жылдамдықты асырудың адам өміріне қауіп төндіретінін естен шығармауға шақырамыз. Жолдарда абай болыңыздар және жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтаңыздар», – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
https://www.inform.kz/