Облыстық халық ассамблеясының ұйымдастыруымен 1949-1991 жылдары Семей ядролық полигонындағы сынаққа қатысушылардың және Чернобыль атом электр стансасындағы алапат апат зардабын жоюшылардың құрметіне арнап орнатылған ескерткіштің жанында “Ақ орамал” акциясы өтті.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшелері, ардагерлер, аналар кеңесі, этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен өткен жиында “Ūrpaq” ұйымының төрайымы Гүлбақша Мұсабаева, аналар кеңесінің жетекшісі Күлімкөз Смайылова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі VІ саммитте жариялаған “Әлем. XXI ғасыр” манифесіне Қазақстан халқы Ассамблеясы 2016 жылдан бері қолдау көрсетіп келе жатқанын жеткізді. Айтуларынша, ақ орамалдың символикалық мәні терең. Қазақ халқы ақ түсті ерекше қастерлеген, жақсылыққа, қуанышқа, адалдыққа бағалаған. Акция облыс тұрғындарын бейбітшілік идеясының айналасына топтастыру, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту мақсатын көздейді.
Акцияға қатысушылар гүлзарларды тазалау жұмыстарын жүргізді, бейбіт өмір үшін жапа шегіп, құрбан болған боздақтардың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Динара ЕЛЕУОВА,
“Қоғамдық келісім” КММ-нің баспасөз хатшысы.