Еліміз Тәуелсіздігін жариялаған тұста үлгі-өнегені аға ұрпақ көрсете білгенін жас буын жақсы біледі. Олардың егемендікті көздің қарашығындай аялау, мемлекеттілігімізді қорғау жолындағы ұмтылыстары мен жанқиярлық еңбектері халықты бір шаңырақ астына біріктіріп, Отан деген ұлы ұғымды бойымызға сіңіре білді. Ұрпақтар арасындағы сабақтастық, игі істер жалғастығы отаншылдық күш-қуатты, саяси тұрақтылықты, этносаралық, конфессияаралық татулықты нығайтты.
Ата Заңымыздың 1-бабының 2-ші бөлімінде қазақстандық патриотизм азаматтардың қалыпты өмір сүруінің түбегейлі принциптерінің бірі екені жазылған. Бүгінде мемлекет тарапынан қабылданып жатқан қадау-қадау шаралар мен заңдар топтамасы сол отаншылдықты нығайтуға бағытталған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” деп аталатын мақаласында алдағы төртінші онжылдық қуатты елдің иесі және кемел халық болу міндетін жүктейтінін айта келіп, егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққан қалыпты құбылыс екенін, ендігі мақсат – Тәуелсіздік құндылығы мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі қажеттігін атап көрсетті, үлкен сенім артты.
Бір шаңырақ астында түтін түтетіп, ынтымақпен өмір сүріп жатқан әртүрлі этнос өкілдерінің туған жері де, Отаны да – кең байтақ Қазақстан. Қай-қайсысы болсын отаншылдық деген ұлы ұғымды қастерлеп, киесіндей көреді. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтарымыз неғұрлым көп болса, бірлігіміз де бекемделе түсері даусыз.
Мақпал ЕРҒАЛИЕВА,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенті.