Облыстық мәслихаттың кезектен тыс жетінші сессиясында өңір басшысы Құмар Ақсақалов халық қалаулыларының назарына өңірдің жыл басынан бергі жеті айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын ұсынып, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті.
Құмар Іргебайұлы коронавирустық індетке қарамастан облыстың экономикасы тұрақты дамып, халықтың табысы артқанын атап өтті. Жыл басынан бері орташа жалақы 18 пайызға өсіп, 9 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Өткен жылмен салыстырғанда бюджет көлемі 25 пайызға көбейіп, 406 млрд. теңгені құрады. 115 ауылды жаңғыртуға 17 млрд. теңге бағытталып, 41 білім беру мекемесі, 9 денсаулық сақтау нысаны, 168 шақырым кентішілік жол және 174 шақырым су құбыры жөнделді.
– Ауыл шаруашылығында да өсім бар. Минералды тыңайтқыштарды енгізу және тұқымдарды жаңарту арқылы ауыспалы егіс жүйесін қалыптастыру өз нәтижесін беріп отыр. Агроқұрылымдар астық өсірудің озық технологияларын қолдана отырып, биылғы құрғақшылық жағдайын еңсере алды, – деді әкім өз сөзінде.
Баяндамашы 12 тауарлы-сүт фермасы іске қосылғанын, 16 ферма салынып жатқанын, оның 10-ы жыл соңында пайдалануға берілетінін хабарлады. Бұдан бөлек, 2 құс фабрикасы бой көтереді. Өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 34 млрд. теңгеге ұлғайып, 192 млрд. теңге болды. “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында үш ірі жоба жүзеге асырылуда. Жақын арада электр техникалық зауыт пайдалануға беріліп, 300 жаңа жұмыс орны ашылады.
Сессияда елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, халықты ауызсумен қамтамасыз ету, құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау және спорт салалары бойынша да атқарылған жұмыстар туралы егжей-тегжейлі баяндалды. Әкімнің депутаттар алдындағы есебі туралы толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.