Қазақстан Конституциясы – мемлекеттің негізгі заңы. Барлық заңдар оны басшылыққа алады. Мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжатта азаматтардың конституциялық мәртебесі айқын белгіленген. 9 тарау мен 98 баптан тұратын Ата Заңымызда еліміздің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мәртебесі, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық екені нақты айқындалған.
Конституцияның 83-бабына сәйкес прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасы Президенті жарлықтарының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады, сотта мемлекеттің мүддесiн бiлдiредi және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады. Облыс прокуратурасы тарапынан жыл басынан бері қадағалау қызметі шеңберінде 43713 азаматтың, оның ішінде 23059 жұмысшының конституциялық құқықтары қорғалды. Қабылданған шаралар нәтижесінде 13 кәсіпорын 200 млн. теңге еңбекақы берешегін толық өтеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында “халық үніне құлақ асатын мемлекет” құру, заң үстемдігін орнықтыру, шынайы да әділ шешім шығару, азаматтардың мүддесіне қызмет ету мәселелеріне байланысты құқық қорғау органдары алдына жоғары талаптар қойылғаны белгілі. 2021 жылдың басынан прокурорға адам құқығы мен бостандығына қатысты негізгі процессуалдық шешімдерді келісу міндетін заң арқылы жүктеу қажеттілігі атап көрсетілді. Прокуратура органдарына бизнесті қорғау және заңсыз тексерістердің алдын алу тікелей тапсырылды. Осыған орай кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша мобильдік топтар құрылып, келіп түскен 53 шағым зерттелді. 48 кәсіпкердің құқығы қорғалып, 3 заңсыз тексеріс анықталды. 15 қадағалау актісі енгізіліп, 10 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мысалы, Петропавл қалалық прокуратурасы “Зерттеу СК” ЖШС-і жүргізіп жатқан құрылыстың заңсыз тоқтатылғанын анықтап, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының жазбаша нұсқауына наразылық келтірілді. Кәсіпкер заңсыз тоқтатылған көп қабатты үйдің құрылысын қайтадан қолға алды.
Прокуратура жұмысындағы басым бағыттарының бірі – мемлекеттің материалдық мүддесін қорғау болып табылады. 300 млн. теңгеден артық мемлекеттің материалдық шығыны қайтарылды. Конституция талаптарына сәйкес азаматтардың құқықтарын бұзудың кез келген фактілеріне тосқауыл қойылады. Биыл 55 қылмыстық іс тіркелді. Олардың 6-уы – азаптауға, 16-сы – өндірістік жарақатқа, 30-ы – тұрғын үйді заңсыз басып алуға, 2-уі еңбек заңнамаларын бұрмалауға қатысты. Тергеу қорытындылары бойынша 4 іс сотқа жіберілді, 20 іс тараптардың бітімгершілікке келуіне байланысты қысқартылды. 29 іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Президент өз Жолдауында экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің қылмыспен күрес саласын жаңғыртудағы тәжірибесіне сүйене отырып, азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгіні, атап айтқанда, өкілеттіктердің аражігі нақты ажыратылған үш буынды модель құруға тапсырма берген болатын. Мұндай тәсіл тежемелік және тепе-теңдік жүйесін нығайтып, әр кезеңде тиімді саралау жүргізіп отыруға мүмкіндік береді. Енді прокурор жиналған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беруге, азаматтар құқығын бұзудың жолын кесуге, кінәсіз адамдардың қылмыс үдерісіне тартылуына жол бермеуге, сотта айыптау жағын қолдауға міндетті. Полиция қылмысты анықтап, оған қатысы бар адамдарды тауып, айғақ жинап, оны тиянақтап беруге тиіс. Сот органдардың әрекетіне қатысты шағымдарды қарайды және іс бойынша ақтық үкім шығарады. Осылайша сотқа дейінгі тергеу органдары, прокуратура мен сот арасындағы жауапкершіліктер мен өкілеттіктер нақты айқындалды. Бұдан былай қылмыстық қудалау органдарының маңызды шешімдері (тұлғаны сезікті деп тану, әрекетін сараптау, сотқа дейінгі тергеу мерзімін, тергеуді қысқарту) прокурормен келісіледі. Бұл әдіс қазірдің өзінде тиімділігін көрсетіп отыр. Сезікті деп танылған және қылмыстық процеске тартылған адамдардың саны – 28,2 пайызға (1605-тен 1152-ге дейін), бұлтартпау шаралары – 20 пайызға (311-ден 248-ге), оның ішінде қамауда ұстау 155-тен 118-ге азайды. Жаңа модельдің азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудағы, қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнамалардың тұрақтылығын қамтамасыз етудегі ықпалы зор.
Сонымен бірге прокуратура қызметкерлері заңсыз ұстау, тыйым салынған тергеу әдістерін қолдануды анықтау мақсатымен қылмыстық қудалау органдарын тұрақты түрде тексеріп отырады. Осы жылы қызмет орындарында заңсыз ұсталған 5 адам анықталды. Конституция барлық азаматтардың, оның ішінде бас бостандығынан айырылған адамдардың да нақты кепілі болып табылады. Прокуратура тарапынан түзеу мекемелеріндегі заңдылықтың сақталуы үнемі қадағаланады. Құқық бұзу фактілеріне жол бермеу өкілеттілігі мамандандырылған прокурорға жүктелген. Сотталғандардың саны 14 пайызға көбейгеніне қарамастан түзеу мекемелерінде ахуал тұрақты. Жүргізілген тексеру қорытындылары негізінде 36 қадағалау актісі қаралып, 101 заң бұзушылық анықталды, 47 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мекемелер әкімшілігінің жаза қолдану туралы 4 заңсыз қаулысы бұзылды. Сотталғандарға дөрекілік көрсетуге жол берілген жоқ. Бүгінде 410 сотталушы еңбекақы төленетін жұмысқа тартылған. Колонияларда қосымша жұмыс орындарын құру, қолданыстағы өндірісті кеңейту істерімен 14 бизнес субъектілері айналысады. Есепте тұрған 322 адам жұмысқа орналастырылса, 211-і 6 млн. теңгеден астам бірреттік жәрдемақы алды.
Солтүстікқазақстандық азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына барынша назар аударылады. Заң талаптарының мүлтіксіз орындалуын қадағалау – прокуратура органдарының басты міндеті.
Абу-Али САТТАР,
облыс прокурорының бірінші орынбасары.