Пандемия басталғалы өңірімізде коронавирус инфекциясын 21935 адам жұқтырды. Тамыздың 27-сі күні облыста 169 тұрғын қауіпті дертке шалдықты. Соңғы екі аптаның ішінде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 2177-ге жетті. Облыс бойынша 222139 адам екпенің бірінші, 190858 адам екінші компонентін алды. Үстіміздегі айда 224 рейд жүргізіліп, шектеу шараларын бұзған 45 адам жауапкершілікке тартылып, 2,9 млн. теңге айыппұл салынды.
25 тамыз күні Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері “2021-2022 оқу жылында білім беру ұйымдарында коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша санитарлық-эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы” №36 қаулыға қол қойды. Оның негізінде жаңа оқу жылында барлық білім беру ұйымдарына санитарлық талаптарды сақтай отырып, штаттық форматта оқытуға рұқсат етілді. Алайда жиналыстар мен іс-шаралар өткізуге тыйым салынады. Ұстаздар мен қызметкерлер 100 пайыз вакцина алуы шарт. Ұйымдарға “Ashyq” қосымшасы арқылы кіріп, бетперде режімін сақтау міндет. Егер сынып немесе топта “COVID-19” инфекциясын жұқтыру жағдайы тіркелсе, балалар 14 күнге үй карантиніне жіберіледі.
– Бір айдан астам уақыт біз “қызыл аймақта” тұрмыз. Өткен жылы 1289 мектеп оқушысынан қауіпті індет анықталды. Олардың 56 пайызы ата-аналары арқылы инфекция жұқтырды. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі үшін барлығыңызды екпе алуға шақырамын. Біз өз өміріміз бен жақындарымыздың денсаулығына жауапкершілікпен қарауға тиіспіз. Қазір санитарлық талаптарды орындаудың маңызы зор, – деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.