“AntikorLive” жобасы аясында тікелей эфирге қатысқан стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі департаменттің басшысы Марал Нұржауыпова халық санағына қатысты жан-жақты мәлімет берді.
Маусым айында облыс бойынша 180-нен астам интервьюер 246,8 мың тұрғын үй мен ғимаратты аралаған. Ел өміріндегі маңызды іс-шараға тартылған санақшылар арасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға барынша назар аударылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің қатысуымен семинарлар ұйымдастырылып, қоғамдық індетті болдырмау, алдын алу мәселелері айтылған. Осындай кезекті басқосуды санақтың екінші кезеңі басталар алдында – қыркүйек айында ұйымдастыру жоспарланып отыр. Респонденттердің статистика органдарына сенімін арттыру мақсатымен интервьюерлер және бақылаушылар алған дербес деректерді құпия түрде сақтау, жарияламау туралы екіжақты келісімге қол қойылған.
Марал Рыскелдіқызы халық санағының негізгі кезеңіне дайындық жұмыстары 1 қыркүйекте басталатынын жеткізді. Соған орай есептік және нұсқаулық учаскелер құрылып, жергілікті органдармен бірлесіп, халық арасында жаппай түсіндіру шаралары қолға алынған. Орталық көшелерде билбордтар орнатылып, жұртшылық көп жиналатын орындарда, сауда объектілерінде, аялдама пункттерінде, қоғамдық көліктерде халық санағын өткізудің мерзімдері мен тәсілдері көрсетілген ақпараттар ілінген. Республикалық және жергілікті телеарналар мен радиостанцияларда тақырыптық роликтер көрсетіледі.
Халық санағының екінші кезеңіне 620-ға жуық интервьюер мен 90 нұсқаушы-бақылаушы қатысады деп жоспарланып отыр. Өкінішке қарай, санақшылар мен нұсқаушы-бақылаушылар жетіспеуде. Қызметкерлерге қойылатын талаптың бірі – “COVID-19”-ға қарсы вакцина салдыру. Жеке қорғаныс құралдары жеткілікті, аудандарға таратылған. Материалдық жабдықталуы да талапқа сай. Планшеттер, портфельдер, шарфтар, кеңсе керек-жарақтары, көлікті жалға алу бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілген.
1-30 қазан аралығында интервьюерлер үйлерді жаппай аралауды бастайды. Тұрғындар сауалнамаға қатысуға және санақ парақтарының сұрақтарына жауап беруге міндетті. Санақ парақтарына көші-қон, неке жағдайы, жұмыспен қамту, тілдерді меңгеру деңгейі секілді сұрақтар кіргізілген. Бұдан бөлек, пандемияға қатысты сауалдар қойылады. Адамдардың алаяқтық және басқа да құқыққа қарсы іс-әрекеттерін болдырмау үшін барлық интервьюерлер департаменттің мөрімен расталған куәліктермен, халық санағының логотипі бейнеленген шарфпен қамтылған. Азаматтар интервьюер туралы деректерді сайттан (sanaq.gov.kz) немесе 46-35-17, 46-10-63 телефон нөмірлері арқылы тексере алады.
2021 жылғы санақтың ерекшелігі сол, азаматтарға өзіне ыңғайлы уақытта сауалнамаға өз бетінше жауап беруіне оңтайлы мүмкіндіктер тудырылған. Сауалнамадан 1 қыркүйектен бастап өте беруге болады. Ол үшін арнайы әзірленген сайтта (sanaq.gov.kz) тіркелу қажет. Онлайн сауалнама 15 қазанға дейін қолжетімді болады.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бас маманы.