«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Темірқазық іспеттес

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Конституция қабылданған күн – ел тарихындағы айтулы мерекелердің бірі. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Ата Заңымыз жарқын болашаққа сенімді түрде жетелейтін, ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды ететін, ұлттық мақсат-мүдделерді айқындап беретін жолбасшымыз, темірқазығымыз іспеттес.

Мейрам қарсаңында еліміздегі заң қоғамдастығы қызметінде елеулі орны бар адвокатура мәселесіне арнайы тоқталғанды жөн көрдім. Неге десеңіз, жұртшылық адвокаттық қызметтің көмегіне жүгінгенімен, ол жөнінде білері аз десем, қателесе қоймаспын. Конституцияның 13-бабында былай деп жазылған: “Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы”.

Мемлекет басшысы адвокатураның рөлін атап өтіп, қылмыстық сот ісін жүргізудің ашықтығын күшейту жөнінде шаралар қабылдауға тапсырмалар берді. Осыған байланысты Парламент депутаттарының бастамасы бойынша тоғыз нормативтік-құқықтық актіге, оның ішінде қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне, “Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы” Заңға бірқатар өзгерістер мен түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, қылмыстық іс жүргізу құжаттарының тізбесі кеңейтіліп, адвокат қызметке кіріскен сәттен бастап танысуға және көшірмелерін алуға құқылы. Егер бұл туралы жеке өтініш жасаса, анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің және прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне жасалған шағымды тергеу судьясы қараған кезде сот отырысын өткізу міндетті. Адвокаттың қылмыстық іске қатысты ақпараты бар адамнан пікір алу тәртібі белгіленген. Қылмыстық іс бойынша мәліметтерді беру сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде жария етуге болмайтын жайттар құпия сақталады.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету тәртібі бойынша өзгерістерді ерекше атап өткен жөн. Егер бұрын адвокаттарды тағайындау тек адвокаттар алқасы арқылы жүзеге асырылса, енді пилоттық режімде “Е-заң көмегі” бірыңғай ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, қорғаушыны автоматты түрде тағайындау мүмкіндігі іске асырылады. Қазіргі уақытта осы жүйе арқылы облыстың құқық қорғау органдары адвокаттарды тағайындау туралы 80-нен астам электрондық қаулы шығарды. Желіге 54 адвокат тіркеліп, азаматтарды қорғауға кірісті.

Заңдағы өзгерістердің басты мақсаты – азаматтар мен заңды тұлғалардың конституциялық құқықтары мен мүдделерін қорғауға, олардың білікті заң мамандарының көмегіне сүйенуіне ықпал жасауға бағытталған.

Олеся ОСАДЧАЯ,

облыстық әділет департаменті құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp