«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕҢ МҮМКІНДІК ЖАСАЛҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасының Конституциясында азаматтардың құқықтары тең екені тайға таңба басқандай жазылған. Мәселен, 7-баптың 3-тармағында былай делінген: “Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды”. Бұл заң нормаларын бұлжытпай орындау облыстық кәсіпкерлер палатасы үшін де маңызды. Жыл өткен сайын шағын және орта бизнес өкілдеріне жан-жақты құқықтық қолдау көрсету жақсарып келеді. Ісін жаңа бастаған адамдар кәсіпкерлік негіздері бойынша “Бастау Бизнес” курстарына тегін қатыса алады. Қазіргі таңда аталған оқу “Atameken аcademy” платформасы арқылы жүзеге асырылып, тәлімгерлер бейнесабақтарды мемлекеттік тілде де, орыс тілінде де тамашалай алады. Сондай-ақ осы сайтта бизнес-жоспар жазу тілін таңдау еркі берілген. Мемлекеттік тіл саясатының негізгі қағидаларын іске асыру мақсатымен өңірдің жетекші бизнес-қауымдастығы облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасымен өзара келісімге қол қойды.

Кәсіпкерлер палатасы алға қойған басым бағыттың бірі – бизнестің, мемлекеттік органдар қызметінің және халықтың мүддесіне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобасына қатысты өз пікірлерін білдіру. Яғни мамандар болашақ қаулылардың тұрғындар мен бизнестің әрекетіне қаншалықты әсер ететінін бағалайды деген сөз. Осы құжаттардың да мемлекеттік және орыс тілдерінде жолданатынын айта кеткен жөн. Ата Заңның 4-бабындағы 2-тармақ жете ескеріле отырып, елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы және оның өңірлік бөлімшелері құрылғаны мәлім. Бүгінде жергілікті құрылым жанында ситуациялық қазақ тілін меңгерудің “Мәміле” пікірталас клубы, “Достық” үйінде этностардың салт-дәстүрлері мен тілін үйрететін үйірмелер жұмыс істейді. Бүгінде мемлекеттік органдар кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің арасында қазақ-орыс тілашарын қолданысқа енгізу бойынша нақты жұмыстар жүргізуде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Біздің ортақ міндетіміз – азаматтардың барлық сындарлы сауалдарына жедел әрі тиімді жауап беретін “халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асыру”, – деп атап көрсеткен болатын. Бұл идея – мемлекет пен билік органдарының арасындағы ақпараттық ағындарды тиімді пайдалануды білдіреді. Оның түпкі мақсаты қазақстандық қоғамның барлық өкілдерінің арасында, барлық салаларда толыққанды диалог орнатуды көздейді. Бұл орайда қазақ тілінің мүмкіндіктерін сауатты және білікті пайдалану өте маңызды. Елімізде азаматтардың ұлтына қарамай мемлекеттік тілді үйреніп, пайдалануға тең мүмкіндіктер қарастырылған. Демек, қазақ тілін меңгеріп, оны белсенді қолдана отырып, қызмет бабымен жоғары жетістіктерге жетемін деушілерге жол әркез ашық. Өңірде өзге этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілде сөйлейтіндердің қарасы артып келеді.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp