«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тәуелсіздіктің мызғымас тірегі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Конституцияны құрметтеу және оны мүлтіксіз орындау – барша қазақстандықтардың міндеті. Мемлекет дамуының шежіресіне көз жүгіртетін болсақ, сот құрылысындағы өзгерістердің бәрі – Ата Заң ережелерімен тығыз байланысты екенін көреміз. Мемлекеттің басты құжаты тұтастай құқықтық жүйенің өзегі саналып, өзге заң нормаларының мәні мен мазмұнын анықтайды. Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыра отырып, адам және оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын ең қымбат қазынаға балайды. Демократиялық қоғам құндылықтарының жалпыға ортақ қағидаттары айқын көрініс тапқан.

Бүгінде мемлекеттің барлық күш-жігері – Қазақстан халқы үшін лайықты өмір сүру деңгейін қалыптастыруға, еліміздің аумағында адам құқықтарының бұзылмауына бағытталған. Осыған орай азаматтар мен ұйымдардың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын, Конституция мен өзге де заңдардың, нормативтік-құқықтық актілердің, халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз ететін сот билігіне ерекше басымдық берілген. Сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады. Конституциямен белгіленген сот төрелігінің принциптері республиканың барлық соттары мен судьяларына ортақ және бірыңғай болып табылады.

Жыл басынан бергі алты айда қалалық мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылық соты 2306 істі қарап, 1931-і бойынша жаза қолданды, 372 іс тоқтатылды. 3 іс бойынша кәмелетке толмағандарға тәрбиелік ықпал ету шаралары қарастырылып, әкімшілік жауапкершіліктен босатылды. 1085 жағдайда әкімшілік айыппұл түрінде жаза кесілсе, 63 іс бойынша ескерту жасалды. 662 істе айыптылар әкімшілік қамауға алынып, 118 адам көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды. Сөз арасында адамның кінәлі екендігі туралы сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін ол айыпты деп есептелмейтін, бір құқық бұзушылық үшін ешкімді де қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартуға болмайтынын, сотта айыпталушы өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес, өзіне заңмен көзделген соттылығын оның келісімінсіз ешкімнің өзгертуіне болмайтынын, адамның кінәлі екендігі жөніндегі кез келген күдік айыпталушының пайдасына қарастырылатын принциптерді басшылыққа алады. Заңсыз тәсілмен алынған айғақтардың заңды күші болмайды.

1991 жылы мемлекеттің Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін басталған саяси, әлеуметтік және экономикалық қайта құру үрдістері шеңберінде соттың мемлекеттік биліктің дербес тармағы ретіндегі мәртебесі бекітілді. Заңның үстемдігі – сот билігінің бұлжымас талабы. Ұлттық құқықтық жүйе қалыптасып, сот жүйесінің реформасы жүйелі түрде жүргізілгенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында атап көрсетті. Құқықтық мемлекеттің маңызды шарты – туралықтан танбайтын әділ сот төрелігін орнықтыруға айрықша назар аударды. Сот жарыспалы қағидат бойынша жүруін және судьяға айыптаушы жаққа тәуелді болмай, адвокат пен прокурордың теңдігін қамтамасыз ету міндеттерін қойды. Қоғамның соттарға деген сенімін арттыру қажет. Кезең-кезеңмен жүзеге асырылған бағдарламалар соттың мәртебесін көтеруге, шынайы дербестігін қалыптастыруға, сот шешімдерін жетілдіруге, басы артық бюрократиялық кедергілерден арылтуға, адамдардың сот арқылы қорғалу құқығын қамтамасыз етуге бағытталды. Мұның өзі құқықтық жүйеге заңдылықтың кепілі ретінде сеніммен қарауды үйретті.

Қазақстан азаматтардың құқықтары мен бостандықтары ерекше қорғалатын азаматтық қоғам құру жолымен табанды да дәйекті түрде жүріп келеді. Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадамда сот институтын дамыту қаншалықты маңызды екені көрсетілді. Былтыр өткен Қазақстан судьяларының сегізінші съезінде Президент соттың тәуелсіздігін нығайтуға, судьялардың кәсіби деңгейі мен сот ісінің сапасына ерекше тоқталды. Биылғы сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөніндегі кеңесте қоғамның сотқа деген сенімін арттыру, сот қызметін қолжетімді ету, кедергілерді азайту, білікті судьялар корпусын құру мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берді. Парламентте сот жүйелері мен судьялардың мәртебесіне қатысты бірқатар заң жобалары мақұлданды.

Қазақстанның сот жүйесі әлемнің ең озық мемлекеттерінің халықаралық деңгейде танылған стандарттарымен үндес. Сот жұмысының сапасы, оның әділдігі мен ашықтығы – басты фактор. Ата Заңымызда мемлекет өміріне қатысты барлық маңызды бағыттармен қатар сот жүйесінің базалық қағидаттары нақты жазылған.

Дамир ШАМУРАТОВ,

Петропавл қалалық мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылық сотының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp