Биыл жерлес жазушы Иван Шуховтың туғанына 115 жыл толды. Артына өшпес із, өлмес мұра қалдырған қаламгер 1906 жылы қазіргі Жамбыл ауданында дүниеге келген. Алдымен ол Петропавл педагогика техникумында, кейін Омбы рабфагінде, Мәскеудегі әдебиет институтында білім алды. Қарымды қаламгер 1928-34 жылдары “Рабочий путь” (Омбы), “Красная Башкирия” (Уфа), “Волжская коммуна” (Самара), “Советская Сибирь” (Новосібір), “Сельскохозяйственный работник” (Мәскеу) газеттерінде әдеби қызметкер, “Простор” журналының бас редакторы қызметтерін атқарды, КСРО Жазушылар одағы басқармасының мүшесі болды. Аққайыңдар өлкесінің тұмса табиғаты жерлес, жазушыға шабыт беріп, ел мен жерге деген іңкәр сағынышы талай тамаша туындылардың дүниеге келуіне негіз болды.
1931 жылы “Горькая линия” романы екі кітап болып басылып шыққан. Одан кейін “Октябрь” журналы “Ненависть” романын жариялады. Жазушының “Өшпенділік” атты романында әлеуметтік, саяси мәселелер көтеріліп, қазақ пен орыс халқының жаңа заман орнату жолындағы еңбегі, халықтар достығы, ескінің тозып, жаңаның озуы шынайы баяндалады. “Өшпенділік”, “Қасірет белдеуі” романдары қазақ тіліне аударылып, кітап болып басылды. 1935 жылы “Родина”, кейінірек “Действующая армия” романдарын жазды. Ұлы Отан соғысы жылдары Преснов аудандық газетінің редакторы қызметін атқарған тұста “Письма Сибирским казакам” атты повесі дүниеге келді. 50-ші жылдардан бастап оның жаңа кітаптары “Покорители целины”, “Золотое дно”, “Целинные будни” тағы басқа туындылары бірінен соң бірі жарық көрді. Оның “Туған ел және жат жер” прозалық топтамасы, “Американың күндері мен түндері”, “Югославия күнделігі” очерктері, “Қара шеңбер” әңгімелер жинағы, “Көмескі ой” пьесасы мен тағы басқа тамаша туындылары өз оқырмандарын тапты. Бір кездері жерлес қаламгердің шығармашылығына орыс жазушысы М.Горький жоғары баға бергенін де айтып өткен жөн.
Иван Шуховтың көптеген туындылары шет тілдерде басылды. Ол тек өзі жазумен ғана шектелмей, қазақтың біртуар ұлдары – Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсіреповтің шығармашылығын орыс оқырмандарына таныстырып, бірқатар туындыларын тәржімалады. Әсіресе “Ботагөз”, “Өмір мектебі” романдарының аудармасы орыстілді оқырмандар үшін мол олжаға айналды.
“Еңбек Қызыл Ту”, “Халықтар достығы” ордендерімен марапатталып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған жерлесіміздің есімімен Алматы, Петропавл қалаларында көшелер аталады. Сонымен қатар Петропавл қаласындағы орталық қалалық кітапхана, Преснов орта мектебі жазушының атында. Жазушының туған жерінде мұражай-үйі жұмыс істеп тұр. Жазушының қолының табы, табанының ізі қалған бұл үй тарихи естеліктерге толы. Руханият ордасына айналған, қырық жылдық тарихы бар мұражай-үйге кеңінен тоқталып өтуді жөн көрдім.
Жалпы халқымыздың өткені мен бүгінін, жылдар қойнауында жасырылған құндылықтарды кейінгі буынға жеткізуде музейдің маңызы зор. Өйткені мұражай – уақытқа бағынбайтын, өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір іспетті. Жамбыл ауданындағы Иван Шухов мұражай-үйі 1981 жылы ашылған. Бұл үйді жергілікті маңызы бар мәдениет ескерткіші десек артық емес. Ауданы 171,1 шаршы метрді құрайды. Мұражай-үйдің аумағында үлкен бақ және ауданы 137,9 шаршы метр болатын әкімшілік корпус бар. Онда жазушының ауылдастары мен туыстары жинаған экспонаттар мен құжаттар сақталған. Мұнда өңір қаламгерлеріне құрмет ретінде әдеби кездесу залы ашылғанын да айтып өткен жөн. Осыдан бірнеше жыл бұрын Иван Шуховтың мүсіні орнатылды.
Елімізде соңғы жылдары музейлердегі экспонаттар қорын ұлғайту, жәдігерлерді сақтау мәселесіне ерекше назар аударылуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында: “Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту… Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс”, – деген еді. Әр елдің мәдениетін, салт-дәстүрін, тарихи жәдігерлерін танытатын орын – мұражай. Иван Шухов мұражай-үйі де жәдігерлерді сақтап, оны көпшілік назарына ұсыну арқылы халықтың эстетикалық, рухани және мәдени сұранысын қанағаттандыруға баса көңіл бөлуде.
Қазір мұражайда 7 адам жұмыс істейді. Ал қорда 4 мыңнан астам жәдігер бар. Мұражайдың мемориалдық бөлімінде жазғы веранда, қонақ бөлмесі орналасқан. Кеңсе және әдеби бөлімде жазушының балалық және студенттік шағынан сыр шертетін суреттер мен жеке заттар қойылған. Мұнда 1752 жылы Пресновтың бекiнiс ретiнде орнауы, кеңес өкiметiнiң орнауы, Ұлы Отан соғысы, тың игеру науқаны туралы да мол мағлұматтарды кездестіруге болады. Иван Шуховтың жерлес жазушылар Ғабит Мүсiрепов және Сәбит Мұқановпен достығына дәлел болатын тың деректер де топтастырылған.
Мұражай-үйде ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында көптеген іс-шаралар өткізіледі. Жергілікті ақын-жазушылар, қоғам зиялыларының қатысуымен Иван Шуховтың бай мұрасын дәріптеуге арналған оқу кештерi, “дөңгелек үстел” отырыстары, ауданымыздың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен мәдени-танымдық шаралар ұйымдастырылып тұрады.
Жазушының 115 жылдық мерейтойы аясында оқушыларға экскурсиялар, танымдық, әдеби кештер ұйымдастыру жоспарланған болатын. Дегенмен елімізде орын алған эпидемиологиялық жағдайға байланысты іс-шаралардың дені қашықтан өтуде. Қарымды қаламгердің әдебиетке сіңірген үлкен еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Алдағы уақытта оның бай мұрасын көпшілікке кеңінен насихаттау жалғасын таппақ.
Данияр МӘКЕНОВ,
И. Шухов мұражай-үйінің директоры.
Жамбыл ауданы.
СУРЕТТЕ: аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері – И. Шухов мұражай-үйінде.