«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ер адам сіреспеден қайтыс болды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысында аяғына шеге кіріп кеткен ер адам сіреспеден қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, оқыс оқиға Ғ.Мүсірепов ауданында болған. Жергілікті санитариялық қызметке Новоишимка елді мекенінде 1967 жылы туған адамның сіреспе ауруын жұқтыруы мүмкін деген жедел хабарлама түседі.

Эпидемиологиялық тергеу кезінде сырқаттың Өзбекстан азаматы екендігі анықталды. Ауданға ол былтыр жұмыс бойынша, құрылысты жүргізуге келген екен.

«Сырқаттың қасында болған адам оның 21 тамыз күні құрылыста оң аяғына тат басқан шеге кіргізіп алғанын айтты. 25 тамыз күні кешкі сағат 22.00-ден кейін ауруы ушығып, басы кейкиіп, жағы құрысып қалған. Ол күні медициналық көмек сұрамаған.

26 тамыз күні жағдайы жақсармағаннан кейін ғана жедел жәрдем шақыртқан. Науқас бірден аудандық ауруханаға жеткізілді. Жағдайы нашар болды, ауру бүкіл омыртқасына тарап үлгерген екен. Оған «сіреспе» диагнозы қойылды», – дейді Арман Күшбасов.

Маманның айтуынша, сырқатқа бірден сіреспеге қарсы вакцина қойылған. Алайда кеш қаралғандықтан, ем-дом көмектеспеді. 28 тамыз күні ер адам қайтыс болды.

«Ер адам 21 тамыз күні жарақат алып, тек 5 күннен кейін ғана дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Осылайша уақытты өткізіп алған. Егер де ол бірден ауруханаға келіп, вакцина алған жағдайда аман қалар еді. Сол себепті тұрғындарды мұндай жағдайларға бейжай қарамауға шақырамыз. Өйткені осы сіреспе сияқты аурулар тек дер кезінде вакцина қою арқылы ғана емделеді», – дейді санитар дәрігер.

Сіреспе – Clostridium tetani спорасының бактериялары тудыратын инфекциялық ауру. Ол барлық жерде: қоршаған ортада, әсіресе, топырақта, жан-жануардың тезегінде, күлде, терінің үстінде, тат басқан құрал-саймандарда, соның ішінде шеге, ине, сым және тағы басқаларында болады. Инфекция ыстыққа және көптеген антисептиктерге төзімді. Сондықтан споралары жылдар бойы сақталуы мүмкін.

«Сіреспемен кез-келген адам ауыруы мүмкін. Алайда көп жағдайда оны вакцина алмағандар жұқтырады. Бұл инфекцияның инкубациялық кезеңі 3-тен 21 күнге дейін. Алайда әдетте екі аптаға созылады. Негізгі белгілері: жағы қарысып, аузын аша алмай қалады, бұлшықеттері қарысып ауырады, жұтуы қиындайды, денесі қатты қалтырап, басы ауырады. Ыстығы көтеріліп, тер қысады, жүрек соғысы күшейіп, қан қысымының көрсеткіштері өзгереді», – дейді Арман Күшбасов.

Сіреспеден сақтанудың жалғыз жолы – вакцина алу. Елімізде ауруға қарсы 16 жасқа дейін 6 екпе жасалса, кейін вакцина әр 10 жыл сайын қойылады.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp