И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың қорына “Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап” рухани-мәдени акциясы аясында түрік жазушысы, Нобель сыйлығының лауреты Орхан Памуктың қазақ тілінде жарық көрген “Менің атым Қырмызы” атты романы түсті.
Түркиялық жазушы Орхан Памуктің шығармалары осыған дейін әлемнің 62 тіліне аударылып, 100-ден астам мемлекетке таралды. Жазушы өз сөзінде: “Менің кітаптарымның кейбірі батыс пен шығыс өркениетінің қақтығыстары хақында сөз қозғайды. “Қара кітап”, “Менің атым Қырмызы”, “Қызыл шашты әйел” сияқты романдарымның көбі ірі өркениеттердің айырмашылықтары туралы, әсіресе батыс өркениеті мен ислам және Азия өркениетін тілге тиек етеді. Бұл өркениеттердің өзара айырмашылықтары бар, мен өз шығармаларымда соны айтқым келді”, – деген болатын. “Менің атым Қырмызы” романы 1998 жылы жарыққа шыққан. Бұл кітап арқылы Памук Францияда “Prix Du Meilleur Livre Etranger” (2002), Италияда “Grinzane Cavour” (2002) және Ирландияда “International Impac-Dublin”(2003) сыйлықтарына ие болған.
Роман желісі 1591 жылы Стамбұлда туған суретшінің қастандықпен қаза табуынан өрбиді. Романда түрік сұлтанының әмірімен ерекше бір сурет сызу тапсырмасын алған әйгілі суретшінің денесі құдықтан табылады. Бұл адам өзге екі суретшімен бірлесе отырып, Еуропада сол тұста жаңадан дамып келе жатқан сурет өнерінің артықшылықтарын қабылдай отырып, түрік сұлтанының өмірін бейнелемек болады. Бірақ олардың бұл міндетті орындауы біреулерге жақпайды. Сонымен суретші өлтіріледі. Бұл қастандықты тексеруді қолға алғандар бар сырдың шешуі суретшінің артында бітпей қалған суретте екенін аңғарады. Ол суретте қарапайым ғана жылқы суреттелген еді. Бірақ үңіле келгенде, ол жылқының бойында өзгеге ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктің бар екенін байқауға болатын. Ол жылқы әсілінде, жылқы баласына ұқсамай сызылған – танауы екіге айырылған еді…
Роман ерекше стилімен есте қалады. Кітапты аудару барысында оқиға желісі барынша сақталған. Қазақққа таңсық бірқатар ұғымдарға түсініктеме берілген.
Ләззат ЕРҒОЖИНА,
И.Шухов атындағы қалалық кітапхананың №2 филиалының меңгерушісі.