Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереевтің төрағалығымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жүзеге асыру бойынша өңірлік штаб отырысы өтті. Жиын барысында үстіміздегі жартыжылдықтың қорытындысы шығарылып, өңір тұрғындарының сақтандырылу мәртебесі қаралды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Лариса Гордеева аудандар мен Петропавл қаласы бойынша сақтандырылмаған тұрғындардың жайына тоқталды.
Өңірде барлығы 541845 тұрғын болса, солардың ішінде 282842 адам (52 пайыз) жеңілдік санатына ие. Олар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын мемлекет төлейді. Ал сақтандырылмаған тұрғындар саны биыл 27323 адамға көбейген. Басым бөлігі – Петропавл қаласы мен Тайынша, Мағжан Жұмабаев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда.
Облыста 129 мыңнан астам адам МӘМС жүйесіне тіркелмеген. Сондықтан олардың медициналық көмектің белгілі бір түрін алуға құқығы жоқ. Мәселен, аурудың алдын алу үшін жүргізілетін скринингтік тексерулерден, диагностикалаудан, медициналық оңалтудан өте алмайды. Бірқатар аурулар бойынша жоспарлы стационарлық ем мен қымбат тұратын консультациялық-диагностикалық қызметтер де қолжетімді емес. Кейбір адамдардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатыса алмауына жұмыс берушілер тарапынан жарнаны уақытылы аудармауы себеп. Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сүйенсек, 397 субъект бойынша берешек сомасы 22,2 млн. теңгені құрайды. Аталған кәсіпорындар әлеуметтік төлемдерді, соның ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналарды аудармаған. Бұл – адамдардың денсаулығын қорғауда конституциялық құқықтарын бұзып, медициналық көмек алуға кедергі келтіреді. МӘМС жүйесінің басты мақсаты – сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сондықтан азаматтардың дер кезінде сақтандырылуының, МӘМС жарналарын уақытылы төлеудің маңызы зор.
Қарлығаш ІЛИЯСОВА,
әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының бөлім басшысы.