«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЛДАН ШАПҚАН ҚАРА ДОМБЫРА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жазушы Дулат Исабековтен бірде “Жас­тардың батыс эстрада­сына еліктейтінінен, қызығушылығының тым артық екенінен қауіптенбейсіз бе?” – деп сұрапты. Сонда “Жастық шақта еліктеу де, солықтау да бо­лады. Ақыл тоқтата бастағанда, жастар, егер санасыз болмаса, бәрібір түпкі тамы­ры­на оралады, төл өнерінің қаді­рін біліп, құдіретін түсінеді”, – деген екен. Қазақтың қара домбыра­сының күмбірі естіліп, майда қоңыр дауыс шыққанда елең етпейтін, делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар. Бұның бәрі сол түпкі тамырға байланысты.

Амангелді Рамазановтың есімі Қызылжар жұртына жақсы таныс. Әрісі Есіл ауданының Орталық ауылындағы халық театрында бала кезінен ән салғанынан білсе, бертінгілер қаладағы өткізілетін мәдени іс-шаралардың басы қа­сында жүргенінен, Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясы жанындағы өнер орталығындағы жұмысы арқылы таниды. Талай дарын­ды баланы өнермен сусындатты, шабыт атты айдынға бағыттады.

Амангелдіні көрген, ол шырқа­ған ән мен жырды естіген сайын көз алдыма қазақтың қолдан шабылған қара домбырасы келеді. Дыбысы құмықпай шығатын, қос ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл бос бұрап, тиегін нығарлап қойып, қол тигізсең-ақ жүрегіңді дір еткізетін төл аспап қой. Тума талант, ән өнеріне жастай араласқан азаматтың бо­йынан қара домбырадай қарапайымдылықтың лебі есіп тұрады.

Амангелді Рамазановпен өзі еңбек ететін Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясының өнер орталығында кездестік. Шағын ғана кабинет. Жағалай қазақ әншілерінің суреттері ілінген. Бұрышта фортепиано. Екі домбыра қабырғада ілулі тұр. Үшіншісі үс­телінің үстінде. Өзінің жан серігі, талай сахнада, той-думанда өзімен бір­ге дүрілдеткен қастерлісі. Домбырасын қолға алып, қағып-қағып қалып еді, күмбірлеп қоя берді.

– Әкем өнер саласында көп еңбек етті. Ауыл жастарының басын қосып, клуб ашты. Елдегі өнерлі деген жастарды жинап, концерт ұйымдастыратын. Алғашқы клубтың салынуына да мұрындық бол­ды. Ауылда халық театрын құрды. Ол кезде облыста 7-8 ғана халық театры бар еді, соның бірі менің туған ауылым – Орталықта бола­тын. Асқан шебер болмаса да әжептәуір ұсталығы бартын. Ағаштан шауып, домбыра жасап берді. Онысы ап-ауыр. Ба­ламыз ғой, кейде ойын қызығымен домбырамды шоқпарға айналдырып жібере­тін­мін. Ерсілі-қарсылы сермегенде жаңа ғана күй тартып отырған аспабым аяқ ас­тынан қару болып шыға келетін. Бала күнімнен әкемнің қасында жүрдім. Концерт­терден қалдырмайтын, – деп кейіпкеріміз бала күнін еске алды.

Орталық – аядай ғана ауыл. Сол кездегі қазақ ауылдарының кө­бінде бастауыш мек­теп қана бо­латын. Үшінші сыныпты тамам­да­ғасын Амангелді Қызылжардағы қазақ мектеп-интернатына оқуға келеді. Ауылдан көп шықпаған ерке балаға қаланың қызығы жетерлік еді. Соның бірі – күрес. Қа­тарлас­тарына ұқсап Амангелді де спортпен шұ­ғыл­данғысы келді. Ол кезде интернат ша­һардың қақ ортасында болатын. Сынып­тастарына еріп, күрес секциясына бара жатқан жерінен ұстазы тоқтатып: “Сен ба­ла, не домбырамен айна­лыс, не күреске бар”, – деп талап қояды.

– Достарымның бәрі спортпен шұғылда­на­ды. Күресіп, жарыстарға қатысып, жүлде алып жүрді. Мен де ауылдың баласымын. Менің де күрескім келеді. Бұрынғы Кама­нин көшесінің бойындағы бір үйдің жертө­лесінде күрес секциясы болатын. Соған барып жүрдім. Бір күні көшеде Серікбай ағайды ойламаған жерден кезіктірдім. Ме­нің интернатқа келуіме себеп болған сол кісі болатын. Әкеммен сөйлесіп, осында орналастырған. Қайда бара жатқанымды білген соң домбыра тарту, ән салу екінің біріне берілмегенін, құр таланттың аз еке­нін, оны шыңдау үшін ұдайы еңбектену ке­рек екенін түсіндірді. Сөйтіп, менің спорттық ман­сабым басталмай жатып аяқталды, – дейді күліп.

Иә, өнер жолы – ауыр жол. Ұдайы ізденіс керек. Табиғи талантты ұштап отырмаса, дарын­ның қырын келетін кездері де аз емес. Домбыра шертуді Серікбай Құсайы­новтан үйренсе, ән мен терме айтуға келгенде Таңат Бей­сенбаев пен Кәмила Әлі­баеваға қарап бой түзеді. Олар қатысқан концерттерге, мерекелерге ба­рып, кездесулерді құр жібермейтін. Ән мен күйді аузы ашылып тұрып тыңдайтын. Өзі де интернат қабырғасына келгесін репертуарын кеңейтіп, жаңа ән-термелер үйренді. Сахнаға шыққандағы ұяңдығы жоғалып, ашыла түсті. Аз ғана уақыттың ішінде танылып, әнші бала атанды. Тіпті сол кездердегі ұйымдастырылатын кішігірім айтыстарға да қатысып көрді. Өнер деген алып мұхитқа еркін бойлауына ағаларының көмегі аз тиген жоқ.

– Бірде әпкем тұрмысқа шығып, тойына дайындалып жатқанбыз. Әулетіміздегі алғашқы той. Айдың 4-і күні қыз ұзату болса, 6-сы үйлену тойы. Қырсыққанда 5-і күні концерт болады екен. Директордан сұранып едім, жібермеді. Қашып кеттім. Оны біліп қалған басшылық, мені келмейді деп концерттік бағдарламадан сызып тастапты. Ауылға барып тойлап, ертеңіне концертке келдім. Домбырамды ұстап, сахнаға шыққан мені көріп таңданған директор: “Мына сайтан қайдан шыға келді”, – деп күліпті. Концертке қатыстым да, тағы тойға кеттім. Осылайша интернаттан қуылдым. Әйтеуір, директордың ашуы тез қайтып, қайтадан алды, – дейді.

Амангелді мектепті бітіргесін ауылға оралып, әкесі құрған театрда өнер көрсетті. Көркемдік жетекшісі, директоры болды. Шымкенттегі өнер институтына оқуға түскенімен, тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқыраудың әсерінен сырттай бөлімге ауысуына тура келді. Иә, осы қиын кезеңде ауыл тұрғындары үдере көшіп, мәдениет ошағы да жабылды. Амангелді де күнкөрістің қамымен әкесі құрған орданы тастап, қалаға ауысты. Өмір соқпағы түрлі жерге жетелегенімен, жан серігі – домбырасын тастаған жоқ. Ән салып, халқының көзайымына айнала білді.

– Қиын кезеңдер болды ғой. Тіршіліктің қамымен Ресейге көшкен кезім де болды. Ұзақ тұрақтай алмадым. Туған жерім, өзімнің өсіп-өнген ортам тартты да тұрды. Ақыры атамекенге оралдым. Талай жақсымен әріптес болдым, көп нәрсені үйрендім. Әлі де осы саладамын, қаршадайымнан жолдас болған домбырамды ештеңеге айырбастамаймын, – дейді өткен шаққа ойша серуен жасаған ол.

Бүгіндері Амангелді Рамазанов Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясының өнер орталығында балғындарды ән мен жырға баулиды. Еңбегі де елеусіз емес. “Қалаға келгеннен кейін мектепке орналастым, шәкірт тәрбиелеуге кірістім. Олар­ды дер кезінде танып, талантын ашу – ұстаздардың борышы. Ақмерей деген шәкіртім біздің орталықта оқушы кезінен өнер көр­сетіп жүрді де, мектепті аяқтағасын колледжге, Біржан Есжановтың ән сыныбына қабылданды. Осындай талантты шәкіртте­ріміз бар. Әлі де шығатынына сенімдімін”, – дейді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын қаладағы мектеп оқушылары арасында “Сайра, домбыра!” дәстүрлі ән фестивалін ұйымдас­тырған болатын. Жас өнерпаздардың жүрегінен орын тапқан бұл шара енді облыстық сипат алып отыр. Биыл қазан айында кезекті фестивальді өткізбек.

Амангелдіден жүрегіне ең жақын әнін орындап беруін өтініп едім, бірден “Дейді, дейдіге” басты. Асқар Тоқмағамбетовтың осы термесі кішкентай Амангелдінің бағын ашты десек өтірік болмас. Себебі алғашқы үйренгені де осы терме болатын.

“Осы “дейді” жойылмай,

“Дейді” жөнге қойылмай,

Әділ заңның шоқпары,

Мықтап тимей сойылдай…”

Өміршең терме. Талай жыл бұрын айтылған ойлар әлі де өзекті. Осыдан-ақ қа­зақ өнерінің асқақтығын, халықтың көкейіндегіні дөп тауып айтқанының арқасында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан құдірет екенін түсінесің.

Көзін шарт жұмып алып ән шырқаған Амангелдіге қарап отырып, неге қазақтың қолдан шапқан қара домбырасы елестейтінін ұққандаймын. Ұлттың үні, халықтың зары, рухани құндылығы, бәрі осы қарапайым ғана домбыраға сыйып кеткендей. Сол ұлттық өнерді, ұлттық рухты өрге сүйреп жүрген – Амангелді сияқты жігіттер. Үлкен мектептен өтпесе де, атақты ұстаз­дардан тәлім алмаса да, тәңір берген дарынымен өр даланың тылсымын әнге қосып, тынысын дөп басқан нағыз өнерпаз деуге болады.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp