«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қош келдің, “Әліппе”!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2021-2022-ші оқу жылы ел тарихынан ерекше орын алатын болды. Себебі халқымыз сағынып, іздеп, армандап, айтып та, жазып та жүрген “Әліппе” оқулығы мектеп өміріне қайта оралды.

Жаңа оқу жылында өңірімізде мектеп табалдырығын алғаш аттаған 8053 бүлдіршінге әліппемен қауышу бақыты бұйырды. Аталмыш оқу жылының тағы бір қуанышты жаңалығы – “Ана тілінің” қайта оралуы. “Әліппені” оқып біткеннен кейін, яғни 3 және 4 тоқсанда “Ана тілі” пәні оқытылады. Бұл пән оқушылардың алғашқы алған білімін бекітіп, пысықтауға, сөздік қорын молайтуға және сөйлеп үйренуге аса қажет. “Әліппе” мен “Ана тілі” оқулығына ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ғасырлық әдістерінің негіз болғаны кеудеге қуаныш ұялатады. Бұл екі оқулық бүлдіршіндердің бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге бағытталған. Олар жастардың тілін терең білетін, Отанын, жерін қорғайтын, халқын сүйетін толық адам болып қалыптасуына негіз болары анық.

Өкінішке қарай, қазір “Дала қоңырауы” атанған алғашқы ұстаз, ұлт жанашыры Ыбырай Алтынсариннің бізге қалдырған өсиеті толық қолданылмай келеді. Қазақ баласы сауатты, тәрбиелі, білімді болса екен деп армандаған ұстаздың ойы жұлмаланып, үзінді ретінде: “Мұғалім – мектептің жүрегі”, – деп қана айтылады. Шындығында ұстаз: “Мен жақсы мұғалімді жақсы көремін. Жақсы мұғалім ғана мектептің жүрегі бола алады!”, – деген еді. Жақсы мұғалім – білімді, жан-жақты дамыған, баланың жанын түсінетін, жүрегі жылы, мейірімді жан. Сондықтан жақсы мұғалімдер көбейе берсін! Жаңа оқу жылында барша ұстаздар қауымына табандылық пен толағай табыс тілеймін.

Қымбат ИСМАНОВА,

ардагер ұстаз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp