Облыстық полиция департаменті жанындағы консультативтік-кеңесші орган мүшелерінің кезекті отырысында мал ұрлығының алдын алу, сондай-ақ полицияның жеке құрамы арасындағы тәртіп пен заңдылықтың сақталу барысы қаралды.
Санитарлық нормаларды сақтай отыра өткізілген шараға облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Марат Төлебаев, консультативтік-кеңесші органның төрағасы Жасұлан Ахметов, департамент бөліністерінің басшылары қатысты, қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің бастықтары бейнеконференция режімінде қосылды.
Алдымен Аққайың аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Руслан Сапаровтың есебі тыңдалды. Аудандық полиция бөлімінің базасында мүлікті қорғау жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған, ол мал ұрлығы фактілеріне жедел ден қою шараларын қабылдай отырып, жағдайға мониторинг жүргізеді. Ауданда 8 арнайы орын бар, оған жыл басынан 470 бас мал қамалған. Жалпы мал жаю қағидаларын бұзудың 118 фактісі тіркелген. Ветеринария саласындағы заңнаманы бұзған, яғни жануарларды және ет өнімдерін заңсыз тасымалдағаны үшін 24 хаттама толтырылған. Ауданда 105 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Сонымен қатар учаскелік инспекторлар ауыл тұрғындарына GPS-трекерлерді, жарыққайтарғыш ленталарды пайдалану қажеттігі туралы үнемі ескертеді. Нәтижесінде осы жылдың сегіз айында Аққайың ауданының аумағында мал ұрлығы тіркелген жоқ.
Консультативтік-кеңесші органның мүшелері полицейлерге жергілікті атқарушы билікпен бірлесіп, үшжақты шарт жасау туралы мәселені шешуді, әкімшілік жауапкершілікті арттыруға және үй жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін жазадан бұлтартпауды, барлық ауылдық округтерде қараусыз жүрген малдарға арналған орындар ұйымдастыруды ұсынды.
Жеке құрам арасындағы тәртіп пен заңдылықтың сақталуы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қабылданған шаралар туралы облыстық полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Арман Атанов ақпарат берді. Отырысты қорытындылаған облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Марат Төлебаев жұртшылықтың берген бағасы мен ұсыныстары полицейлер үшін өте маңызды екенін, бірлескен жұмыс ведомствоның қызметінің сан қырлы саласын дамытуға септігін тигізетінін атап көрсетті.
Юрий КЛЫКОВ,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.