Телефон арқылы хабарласқан үш баланың анасы жаңа оқу жылынан бастап оқушылар мектепке еркін форма үлгісінде киініп барады деген Білім және ғылым министрлігінің шешімі орындалмай отырғанын қынжыла жеткізді. Оның айтуынша, ұлы қаладағы №35 гимназияда оқиды. Республикалық ведомоствоның аз қамтылған отбасылар үшін жасалған қамқорлығына қуанған отанасы ақ көйлек, қыры сынбаған қара шалбар мен костюм сатып алып, баласын қолынан жетелеген күйі мектепке барған. Айтуынша, ондағылар мұндай киім үлгісіне қарсы шығыпты. Амалы таусылған ол астанаға дейін сандалып, тапсырыс іздегенін тапқандай көңілде оралса, көк түсті форма жарамайды, сұр түс керек деп тағы да кері қайтарып жіберген.
Біз бұл шағымды облыстық білім басқармасына жолдадық. Ондағы жауапты мамандар биылдан бастап бірізділендірілген мектеп формасымен қатар классикалық стильдегі киім киюге де рұқсат берілгенін, бұл шешім эпидемиологиялық жағдай әрі ата-аналардың еркін таңдау құқығы ескеріле отырып қабылданғанын, ең басты шарт – киімнің бойға қонымдылығы, қарапайымдылығы екенін жеткізді.
Осыны айтып, гимназия басшылығына хабарлассақ, олар мұндай оқиғаның орын алмағанын, бірыңғай мектеп формасына ешқандай шектеу қойылмағанын айтып, ақталып әлек. Сонда кім жалған сөйлеп тұр? Мұндайда не күлеріңді, не жыларыңды білмейді екенсің.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.