Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған 153 бала дәрігер қарауына алынса, 16-сы стационарда ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде індет басталғалы туғанына 28 күннен бастап 18 жасқа дейінгі 1270 бала коронавирус жұқтырған. Олардың 1109-ы тәуір болды. Қазіргі уақытта 153 бала дәрігер бақылауына алынған.
«Ауырған балалардың 16-сы стационарға жатқызылды. 8-інің жағдайы орташа болса, қалған сегізінде ауру жеңіл түрде өтіп жатыр. 137-сы амбулаториялық ем алуда, 55-інде ауру белгілері жоқ», – дейді баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.
Өткен тәулікті СҚО-да 70 адам коронавирус жұқтырса, соның 13-і бала.
Жалпы өңірде ауырғандар саны тұрақты түрде төмендеп келеді. Осыдан екі апта бұрын тәулігіне орта есеппен коронавирус жұқтырған 160 адамнан тіркеліп отырса, қазір бұл көрсеткіш шамамен 2,5 есе азайған. Шілде айында 2601 адам КВИ жұқтырса, тамызда 4481 сырқат тіркелген.
Алайда жағдайы ауыр сырқаттар мен қайтыс болғандар саны азаяр емес. Қазір 75 науқастың жағдайы ауыр болса, өткен тәулікте 3 адам көз жұмып, қайтыс болғандар саны 149-ға жетті.
Пандемия басталғалы СҚО-да 22 515 адам ауырды, олардың 20 606-сы жазылып шықты.
https://www.inform.kz/