Петропавлда 10 жыл бойы тоқтап тұрған элеватор іске қосылды. Кәсіпорынның тамырына қан жүгірткен ақмолалық кәсіпкер астық қабылдау-сақтау пунктін қалыпқа келтіруге 500 млн. теңгеге жуық инвестиция салды. Құйылған қаражатқа күрделі жөндеу жүргізіп, дәнді және майлы дақылдарды кептіруге арналған заманауи қондырғылар орнатқан. Қайтадан жанданған нысанның жұмысымен жергілікті диқандар танысты.
Өткен жылдың қараша айында элеватор “Логос-Грейн” компаниясының иелігіне өтті. Қыс уақытында ескі ғимараттар жөнделіп, жаңа заманауи қондырғылар орнатылды. Инвестор Арман Құдайбергеновтің айтуынша, астық қабылдау орталығының әлеуеті зор. Ең бастысы – жергілікті диқандар үшін тиімді.
– Бұрын халық арасында элеватор “Колос” деп аталды. Енді кәсіпорынның жұмысына “Бетеге-У” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты болмақ. Қазірдің өзінде негізгі жөндеу жұмыстары аяқталып, қосымша кептіру қондырғыларын іске қосып жатырмыз, – деді Арман Ғалымұлы.
Элеватордың жалпы сыйымдылығы – 78,2 мың тонна. Тәулігіне кәсіпорын 4 мың тоннаға жуық дәнді және майлы дақыл қабылдауға қауқарлы. “Бетеге-У” серіктестігінің бас директоры Сергей Коломоецтің сөзінше, қазіргі уақытта олар облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдарымен келісімшарттар жасасуда.
– Орақ науқаны басталысымен диқандармен байланысқа шығып, өз қызметімізді ұсындық. Элеваторда астықты сақтауға және кептіруге мүмкіндік бар. Қазірге дейін диқандардан 1200 тоннаға жуық бидай түсті, – дейді серіктестіктің бас директоры.
“Логос-Грейн” компаниясы Ақмола облысында 100 мың гектар жерге дәнді және майлы дақыл егеді. Сондай-ақ олардың қарамағында екі бірдей майлы дақыл өңдейтін зауыт бар.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.