«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қоғамдық келісім — басты байлығымыз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бірегей институт ретінде еліміздің дамуына зор ықпал етіп, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жөніндегі мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуына атсалысып келеді. Біздің өңірде де Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті өкілдігі белсенді жұмыс атқаруда. Этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілері Рашид Надиров, Наиль Абраев, Гүлбақша Мұсабаева, Рашбиль Евдаев, Владимир Витченко, Эльвира Ковзель, Шыңғыс Құрбанов және тағы басқаларының есімдерін ерекше атап өтуге болады. Жиырма бір этномәдени бірлестік жұмыс істейді.

Жастар да Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы аясында табысты қызмет атқаруда. Мәселен, Богдан Петров Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық тобы ұйымдастырған ғылыми жобалар байқауларына үнемі қатысады. Ол жуырда “Қазақстан халқы Ассамблеясының аймақтық теледидар эфиріндегі қызметі: Солтүстік Қазақстан облысы телеарналарының мысалындағы ерекшеліктер, мәселелер мен болашақтағы жоспарлар” деген тақырыпта зерттеу жүргізді. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің магистрі атанған ізденімпаз жастың еңбегі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының қарауына жіберілді. Облыстық мәслихаттың депутаты Лилия Баймұратова ассамблея жанындағы “Жаңғыру жолы” штабына жетекшілік етеді. “Қоғамдық келісім” КММ-нің бұрынғы қызметкерлері Роман Хохлов пен Әсет Ахметов кәсіпкерлікпен айналысуға бел буды. “Qyzyljar – adaldyq alañy” жобалық кеңсесінің жетекшісі Сәлімхан Сәбитов еңбек жолын Достық үйінде бастап, қазіргі таңда өзінің сүйікті ісімен айналысуда.

Аға буынның салған соқпақ жолын сәтті жалғастыра білген жастарымыз еріктілер мектебін дамыту бағытында да біраз тәжірибе жинақтап үлгерді. 2020-2021 жылдары петропавлдықтар ғана емес, облыс аудандарының тұрғындары да волонтерлердің қолдауын айқын сезінді. Ассамблея еріктілері азық-түлік жеткізуге, дәрі-дәрмек сатып алуға, үй маңындағы аумақтарды тазалауға және басқа да игі істерге көмектесті.

Биылғы іс-шаралардың дені Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтуде. Бұл орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының “Жалпыазаматтық бірегейлікті қалыптастыру”, “Этностардың қазақстандық алуан түрлілігін рухани-мәдени таныту”, “Көп этностық Қазақстан: этномәдени генезис”, “Этносаралық ортада жанжалды көріністерді қабылдамауға бағытталған әлеуметтік нұсқауларды әзірлеу арқылы медиация институтын дамыту” сияқты бағдарламаларының мәні айрықша.

Алғыс айту күніне арналған “Қазақ халқына – мың алғыс” этностар форумы, этномәдени бірлестіктердің жас отбасыларының “Берекелі шаңырақ” фестивалі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық XXV сессиясы, “Бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы”, қазақ мәдениетінің фестивалі сияқты шаралар маңыздылығымен есте қалды. Қазақ халқының мәдени мұрасын насихаттау бойынша “Қазақтану”, мемлекеттік тілді насихаттау мен үйренуге арналған “Мың бала” мәдени-ағарту, сондай-ақ “3D – еріктілер”, “30 игі іс” жобалары мен қайырымдылық акциялары жүзеге асырылды. Осы жылы барлығы 92 іс-шара өткізілді. Басым көпшілігі онлайн форматта ұйымдастырылса да, қызығушылық төмендеген жоқ. Биылға арналған мерейтойлық шаралар Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының форумымен аяқталады.

Өңірде тұратын этникалық топтардың тілдері мен мәдениетін дамытуға барлық жағдай жасалған. Неміс және корей тілдерін үйрену сабақтары, поляк тілі курстары қайта жанданды. Мемлекеттік тілді үйрету дәрістері жүргізіледі. Солтүстік Қазақстан – көп этносты облыстардың бірі. Сондықтан этносаралық келісімді сақтау – бәріміздің басты міндетіміз, абзал борышымыз. Әлеуметтік сауалнамаға қатысқан солтүстікқазақстандықтардың 90 пайыздан астамы өңірдегі этносаралық ахуалды оң бағалады. Бір сөзбен айтқанда, қоғамдағы бірегей институт саналатын Ассамблеяның жүргізіп жатқан жұмыстары ұлан-ғайыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында сөйлеген сөзінде: “Біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын адамдардың әл-ауқатын жақсарту біздің барлық күш-жігеріміздің басты мақсаты болып табылатын нақты істермен және жобалармен атап өтуіміз керек”, – деген болатын. Бұл мерейтой – жетістіктерімізді ой елегінен өткізетін, болашаққа деген міндеттерді айқындайтын сәт. Облыс Тәуелсіздік жылдарында аграрлық саладағы артықшылығын сақтап қана қалмай, қарқынды индустриялық өндіріске көшуде қуатты қадамдар жасады. Экономика мен әлеуметтік саланы дамытудың көптеген бағыттары бойынша республикада алдыңғы қатардамыз. Өңір елеулі өнеркәсіптік әлеуетке ие, минералдық ресурстарға бай, аумағы арқылы ірі көлік магистральдары өтеді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген облысты дамытудың кешенді жоспары зор серпіліс тудырғанын айрықша атап өткен жөн. Бұл бағдарламалық құжат экономиканың барлық негізгі салаларын қамтыды. Қазіргі уақытта жоспардың бірінші үш жылдық кезеңі табысты жүзеге асырылып, ішкі өңірлік өнім көлемі 34, өнеркәсіптік өндіріс 14, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 54, инвестициялар көлемі 50 пайызға ұлғайтылды. Биыл облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кезекті кешенді жоспары қабылданды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында алдағы бес жылда республикалық бюджеттен өңірімізге 500 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінбек. 52 сүт фермасын, екі құс фабрикасын салу, 10 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорынды іске қосу жоспарланған. Бөлінетін қаражаттың біраз бөлігі ауылдар мен қалалардың әлеуметтік инфрақұрылымын қайта құруға, облыс орталығында 2 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй және қазіргі заманғы спорт сарайын салуға, “Nazarbayev University” негізінде жаңа университет құруға, туризмді өркендетуге бағытталатын болады. Отандық машина жасау саласының көшбасшысы – С.Киров атындағы және Петропавл ауыр машина жасау зауыттары заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен қамтылды. Өңіріміз минералды-шикізат базасы жағынан да тартымды: алтын, күміс, техникалық және зергерлік алмас, қалайы, титан, түсті және сирек металдар, қоңыр көмір кен орындары бар.

“Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы солтүстікқазақстандықтардың мақтанышы болып табылады. Мұнда қазір үш ірі инвестициялық жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. “Alageum Electric” трансформатор зауыты, германиялық “Claas” ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын концерні ашылады. Түрік инвесторлары заманауи көпбейінді аурухананың құрылысын жалғастыруда. Бұл – JCI халықаралық стандарттарына жауап беретін еліміздегі алғашқы стационар. Ауылдар мен қалалардың инфрақұрылымын одан әрі дамытуға және қайта құруға қомақты қаражат қарастырылған. Соңғы үш жылда жолдардың үштен бірі жақсарса, екі жыл ішінде 500 шақырым су құбыры қалпына келтіріледі. Ауылдық жерлерде тұрғын үй салу бойынша қанатқақты жоба қолға алынған. Екі жыл ішінде мыңнан астам баспана тұрғызылып, жыл аяғына дейін тағы 714 үй бой көтермек. Мерейтойлық жылда көпбейінді аурухана, қазақ драма театры, фанер комбинаты, электротехникалық зауыт, ДАТА-орталық іске қосылады. Сондай-ақ жалпы білім беретін мектеп, М.Қозыбаев атындағы СҚУ жанындағы оқу-зертханалық және 2 студенттік жатақхана корпусы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 4 көппәтерлі тұрғын үй бой көтереді.

Облыс инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда индустриялық-экономикалық базаға сүйене отырып, дамудың жаңа кезеңіне нық қадам басып отыр. Республикамыздың солтүстік қақпасы саналатын өңір биылғы мерейлі жылды да мол табыстармен аяқтауға ниетті.

Құмар АҚСАҚАЛОВ,

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp