Үстіміздегі жылы Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығы 5207 адамды қамтитын 139 іс-шара өткізді. Соның ішінде студенттер арасындағы ақпараттық кездесулерді ерекше айтуға болады. Іс-шараларды ұйымдастыру барысында барлық санитарлық талаптар сақталуда.
Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша, NEET санатындағы, яғни жұмыс істемейтін және оқу оқымайтын жастармен кездесулер, жалғызбасты аналарды қолдау және қарт адамдарға атаулы көмек көрсету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған жастарды әлеуметтік бейімдеуге де араласудамыз.
Орталық NEET санатындағы жастар үшін “Instagram” және “Facebook” әлеуметтік желілерінде апта сайын қаламыздағы бос жұмыс орындары туралы ақпараттық хабарламалар жарияланады. Үстіміздегі жылдың басынан 30-ға жуық жас жұмысқа орналасу бойынша кеңес алып, Петропавл қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына жіберілді. Жастар уақытша қоғамдық жұмысқа тартылып, оған қоса жастар тәжірибесі бойынша қала кәсіпорындары мен ұйымдарына жұмысқа орналасады. Іске асырылып жатқан бағдарламалар туралы жастарды ақпараттандыру да назарымызда. Апта сайын желіде жастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары туралы ақпарат орналастырылады. Орталық еріктілері мен қызметкерлері тоқсан сайын қан тапсырады. Экологиялық акциялар, эко-сенбіліктер өткізеді.
Сондай-ақ орталық жұмысының негізгі бағыттарының бірі – көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету. Осы бағытта бірқатар қайырымдылық акциялары өтті. Мұқтаж отбасыларға киім-кешек, балаларға арналған ойыншықтар мен көрпелер таратылды. Балаларды қорғау күнінде “Балаңызға қуаныш сыйлаңыз!” қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.
Үстіміздегі айда талантты, шығармашылықпен айналысатын жастарды анықтау және қолдау, жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру, тәжірибе алмасу мақсатында “Үздік шебер – 2021” қалалық кәсіби шеберлік байқауын өткізу жоспарлануда. Бұл байқау 2019 жылдан бері ұйымдастырылуда. Конкурсқа ұйымдардың, кәсіпорындардың қызметкерлері, Петропавл қаласының аумағында тұратын 29 жасқа дейінгі өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар қатысады. Байқау дөңгелек жөндеу, флористика, құрылыс және сылақ жұмыстары, шаштараз, тас және кірпіш қалау бойынша өтеді.
Әлфараби МЫҢБАЙ,
қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі.