Петропавлда криминалдық полиция қызметкерлері 17 тамыз күні үйінен кетіп, қайтып оралмаған 35 жастағы Сергей Ясимчикті іздестіріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың криминалдық полиция қызметіне Сергей Ясимчиктің анасы хабарласып, 35 жастағы баласын тауып беруді өтінген. Ер адам үйден кетіп, қайтып оралмаған.
Жоғалған ер адамның бойы 170 см, денелі, шашы қою сары түсті, көзі сұр түсті, мұрны қисықтау. Үстінде жолбарыстың суреті бар қара-көк түсті кеудеше, сұр трико, көк кроссовки және өзімен бірге қызғылт сары өрнегі бар қара рюкзак болған.
Петропавл полиция басқармасының жеке құрамы, аудандық бөліністер түгел жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары оның таныстарын, болуы ықтимал жерлерді тексеріп жатыр. Полицейлер жоғалған адам туралы қандай да бір ақпарат болған жағдайда кезекші бөлімге (тел.:39-40-37), іздестіру бөліміне (тел.:39-41-78) не «102» арнасына хабарласуды сұрайды.
«Адамдардың із-түзсіз жоғалуына олардың спирттік ішімдікке әуестігі себеп болып жатады. Сол себептен бірінші кезекте көңіл-көтеру орындары, жалға берілетін пәтерлер тексеріледі.
Көп «жоғалатындардың» бірі – жасөспірімдер. Олар өздерінің «есейгендерін» көрсеткілері келіп, ата-аналарын ескертпестен, таныстарында қонады. Жасөспірімдер жоғалған жағдайда оларды іздеуге жедел түрде барлық күш жұмылдырылады. Бұл жұмыста волонтерлер зор көмек көрсетеді, әлеуметтік желілерде хабарландырулар таратады, іздестіру іс-шараларына қатысады. Әдетте, кәмелетке толмағандар кезекші тәулік ішінде табылып жатады», – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Пётр Климов.
Жыл басынан СҚО полицейлері із-түзсіз жоғалған адамдарға қатысты 304 өтінішті қабылдады. Оның 197-сінде жоғалғандар кезекші тәулікте табылған.
https://www.inform.kz/