«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЙЫПҚЫРАН СЕРІК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Осыдан 40 жыл бұрын – 1981 жылдың мамырында Финлян­дия­ның Тампере қаласында бокстан Еуропа чемпионаты өтіп, бұл жарыс КСРО құрамасының айқын жеңісімен аяқталған. Сарапқа салынған 12 бас жүлденің сегізін Кеңес одағының өрендері олжалаған. Бұл қатарда Алаштың мақтан тұтар ұлы Серік Қонақбаев та болған еді.

Суоми елінде Серік Керім­бек­ұлы керемет өнер көрсеткені белгілі. Бас­тапқы бәсекесінде ирландиялық Джозеф Фенлонды сабаған ол ширек финалда Еуропа бірінші­лігінің күміс және Жерорта теңі­зі ойындарының қола жүлде­гері, югославиялық Сретен Мир­ковичтен басым түсті. Жартылай финалда Мажарстанның мық­тысы Тибор Молнарды жеңген қазақ жігіті шешуші сайыста Олим­пиада ойындары мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, ГФР-дың өкілі Карл-Хайнц Крюгермен күш сынасты. Неміс боксшысын Серік Қонақбаев жақсы білетін. Себебі 1979 жылы Кельнде өткен Еуропа біріншілігінде де екеуі­нің жолы қиысқан еді. Сол жек­пе-жек қарсыласын үш мәрте нокдаунға жіберген Серіктің пайдасына шешілген. Бұл жолы да қандасымыздың мықтылығы еш күмән туғызған жоқ. Германияның дүл-дүлін 5:0 есебімен ұтқан ол қатарынан екінші рет Еуропа чемпионы атанды. Және де сол жылдың қорытындысы бо­йынша даңқты Жамбыл бокс мек­тебінің түлегі әлемнің ең үздік былғары қолғап шебері деп танылды.

Қонақбаевтың спорттық ғұмы­рында жарқын жеңістер аз болған жоқ. Ол Еуропа біріншіліктеріндегі табыстарынан бөлек, әлем кубогын екі рет олжалады. Әлем чемпионатының финалында күш сынасты. 1980 жылы Мәскеуде алауы тұтанған Олимпиада ойындарында күміс медальды мойнына ілді. Финалда ол италиялық Патрицио Оливадан ұтылды. Негі­зі ғаламдық додада бас жүлде біздің жігітке бұйыруға тиіс еді. Бірақ бұл бәсекенің тағдыры саяси тұрғыдан шешілгенін көзі қарақты көрермен жақсы біледі. Себебі Италияның спорт басшылары өз өрендеріне Кеңес одағында өткен Олимпиадаға қатысуға рұқсат бермеді. Басшылардың сөзіне құлақ аспаған Патрицио ешбір кедергілерге қарамастан төрт жылда бір өтетін байрақты бәсекеде бақ сынауға бел буды. Тәуекел деп өз қаражатымен Мәскеуге келді. Міне, осы жайттың барлығын ескерген жарыс қожайындары әлемдік қоғамдастық алдында ұпай жинау мақсатымен капиталистік елден келген спортшының жеңіске жетуіне қолайлы жағдайдың барлығын жасады.

Тампередегі Еуропа чемпио­на­тында жамбылдық Серік Қонақ­баевтан бөлек, КСРО құрамасы сапындағы боксшылар арасында магадандық Виктор Рыбаков (60 кг.), куйбышевтік Василий Шишов (63,5 кг.), мәскеулік Александр Кошкин (71 кг.), эстониялық Юрий Торбек (75 кг.), костромалық Александр Крупин (81 кг.) және украиналық Виктор Мирошниченко (54 кг.) мен Александр Ягубкин (91 кг.) топ жарды. Ал қалған салмақ дәрежелерінің бас жүлдесі болгариялық Ивайло Маринов (48 кг.) пен Петр Лесовқа (51 кг.) және германиялық Рихард Новаковски (57 кг.) мен ита­лия­лық Франческо Дамианиге (+91 кг.) бұйырды.

Суоми еліндегі сол жарыста қа­зақтың тағы бір мықты боксшысы бақ сынады. Ол – Серік Нұрқазов. Қарағанды бокс мектебінің түлегі қола медальды иеленді. 57 килограмм салмақта сынға түскен қан­да­сы­мыз югославиялық Деян Марович пен ирландиялық Дамиен Фиерс­тен басым түскенімен, жарты­лай финалда ГДР-дың өкілі Рихард Новаковскиге есе жіберді. Шынтуайтына келгенде, Серік Нұрқа­зов даңқты қарсыласынан еш қай­мықпай, тең дәрежеде айқасқа­нына Тампередегі зәулім спорт ке­шеніне жиналған дүйім жұрт куә. Бұл жекпе-жекте таразы ба­сы ұзақ уақыт теңселіп тұрды. Бәсеке аяқталғаннан соң төреші­лер біраз ойлана-толғана келе, Мон­реаль Олимпиадасының күміс, Мәскеу Олимпиадасы мен әлем чемпионатының қола жүлде­гері, Еуропа чемпионы деген дар­дай атақтары бар неміс боксшы­сының қолын көтерді. Есеп – 3:2. Осылайша Рихард финалға шықса, біздің Серік қола медальды қанағат тұтты.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp