Мамандық таңдау – әрбір азаматтың өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі. Сондықтан мың ойланып, жүз толғанып, жаныңа жақын кәсіптің түріне тоқталу қажет. Бұл өз болашағымызды, өз өмірімізді, өз тағдырымызды таңдаумен бірдей.
Мектепте оқып жүргенде заңгер боламын деп шештім. Өйткені қай кәсіпорынды алсақ та, әрқайсысына заңды бүге-шігесіне дейін білетін мамандар қажет екені мәлім. Сондықтан бұл кәсіп түрін таңдасам жұмыссыз қалмаймын деп ойладым. Сөйтіп, көп ұзамай Петропавлдағы колледждердің біріне заңгер мамандығына оқуға түстім. Студенттік өмірім жүрдек пойыздай зу етіп өте шықты. Диплом алысымен білімімді тәжірибеде тезірек қолдансам екен деген мақсатпен бос жұмыс орнын іздеуге кірістім. Алайда бармаған жерім, баспаған табалдырығым қалмады. Мамандық таңдауда қателескенімді кеш ұқтым. Соңында “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне келдім. Тағдырдың жазуы болар, әкемнің ізімен қаламыздағы ірі кәсіпорындардың бірінде жұмыс істеу бақыты бұйырды. Міне, осылайша 2020 жылы жас маман ретінде қызметке орналасып, өзіме таңсық салада еңбек ете бастадым.
Бүгіндері мен серіктестікте темір ұстасы болып қызмет етіп жүрмін. Алғашында жұмысым қиын көрінді. Сондай сәттерде кеткім келеді. Дей тұрғанмен, бастаған істі аяғына дейін жеткізу қажет екенін түсіндім. Қазір бәрі жақсы, жұмысқа төселдік. Менің міндетіме істен шыққан су колонкаларын ауыстыру және жөндеу кіреді. Су – тіршілік көзі болғандықтан, тұрғындарға бір күн болса да таза сусыз өткеру қиын екені айдан анық. Сондықтан біздің кәсіпорнымыздың жұмысы аса маңызды. Қыстың қытымыр аязына, жаздың шіліңгір күндеріне қарамастан, су әрбір үйге жетуі қажет. Бұл жауапкершілігі мол істі мен де атқарып келемін. Ең бастысы жалақым жақсы, әріптестерім көмегін аямайды.
Менің бір түсінбейтінім – жастардың жұмысшы мамандығына жатсына қарауы. Жұмысшы болу жаман ба? Әлбетте, жоқ. Қазіргі таңда жұмысшы мамандар үлкен сұранысқа ие. Мысалы, халқымыздың саны көбейіп жатқандықтан, елімізде үй, мектеп, балабақша, тағы да басқа ғимараттар көптеп бой көтеруде. Демек, құрылыс саласында жұмысшы мамандарға сұраныс жоғары.
Менің ойымша, жастар адал еңбектің қадірін түсінуі қажет. Өкінішке қарай, жыл сайын еліміздегі жоғары оқу орындарын қаншама жас маман бітіріп шығады. Бірақ солардың барлығы бірдей өз мамандығы бойынша жұмыс тауып, “дүниеге кірпіш болып қаланып” жатыр ма?! Бес жыл бойы көз майын тауысып алған дипломын сандықтың түбіне тастап, басқа мамандық бойынша жұмыс істеп жүрген университет түлектері қаншама?! Сол себепті мен өскелең ұрпаққа жұмысшы мамандығынан тартынбау қажеттігін ескерткім келеді.
Нұрлан ТҰРСЫНБАЕВ,
“Қызылжар су” ЖШС-нің темір ұстасы.