Әлібек Шәкіров – Ішкі істер министрлігі академиясының түлегі. 2017 жылдан бері Петропавл қалалық полиция басқармасының бірінші полиция бөлімінде учаскелік полиция инспекторы болып қызмет етіп жүр.
Тәртіп сақшылары күн сайын көмекке жүгінген адамдардың түрлі мәселелері және дау-жанжалдарымен бетпе-бет келеді. Әрқайсысына түсіністікпен қарап, көмек көрсетіп, заңды құқықтарын қорғауға талпынады.
– Жаздыгүні ауладағы жастардың түн жарымға дейінгі отырыстары көбейеді. Ал жақын маңдағы үйлердің тұрғындары бұған наразы, сондықтан бір түнде бірнеше қоңырау келіп түседі. Жақындап келсең, айғай-шусыз, тыныш отыра қалады. Жастар өзгелерге де құрметпен қарауы керек қой, – дейді тәртіп сақшысы.
Әлібек Шәкіров 26 жаста. Жуырда капитан шенін алды. Аулалардағы тексерістер мен профилактикалық әңгімелесулер, шақыртуларға шығу мен азаматтарды қабылдау – бәрі Әлібектің күнделікті міндеті. Бірде өртеніп жатқан жатақхананың тұрғындарын құтқаруға тура келген. Жас учаскелік инспектор тұрғындардың амандығы мен тыныштығы үшін бәріне дайын.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.