Облыс аумағында соңғы екі аптада екі бүлдіршін жол-көлік оқиғасы салдарынан мерт болды. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жаңа оқу жылы қарсаңында елімізде “Абайлаңыз – балалар!” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Оның мақсаты – балалардың жолдарда қауіпсіз жүру дағдыларын қалыптастыру, жол-көлік апаттарының алдын алу.
Биыл облыста балалардың қатысуымен 26 жол-көлік оқиғасы тіркелді, онда екі бала қаза тауып, 27-сі жарақат алды. Жақында Ақжар ауданындағы апаттан 5 жасар қыз қайтыс болды. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимское елді мекенінде 7 жасар бүлдіршін мерт болды. Жасөспірім мотоциклмен келе жатып, рөлге ие бола алмай, 2013 жылғы қызды қағып кеткен. Ол алған жарақаттарынан көз жұмды.
“Балалардың қатысуымен болатын жазатайым оқиғалардың негізгі себептері – балалардың жол қозғалысы ережелерін білмеуі және сақтамауы. Полиция қызметкерлері үнемі мектептерде кездесулер өткізеді, брошюралар мен буклеттер таратады. Ата-аналар комитеті өкілдерімен бірлесе балалардың мектепке дейінгі және мектептен кейінгі жүру бағыттары әзірленеді. Барлық мектептерде балалардың жол-көлік жарақаттарының алдын алу жайында стендтер бар”, – дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.
Өңірде жол қозғалысы ережелерін насихаттау үшін құрамында 4 мыңнан астам оқушы бар 200-ден астам жас инспекторлар жасағы құрылған. Бұл жасақтар оқушыларды жолдарда қауіпсіз жүріп-тұру дағдыларына үйрету бойынша жұмыстар жүргізеді, мектептерде осы тақырыпта викторина, сурет байқауларын ұйымдастырады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.