Ақжол Садыржан Мамлют ауданындағы Бостандық орта мектебінің 10-сыныбында оқиды. Сынып белсендісі. Гуманитарлық пәндерге бейім. Отбасымен Қытайдан тарихи Отанына оралған қандасымыздың баласы. Ақжолдың өлеңге құштарлығы бала кезден басталған. Тырнақалды өлеңдерін қағаз бетіне бастауыш сыныпта түсіріпті. Өлеңдерінің тақырыбы сан алуан. Шабыты сабақ кезінде, оңаша қалғанда, ағаш үстіне шыққанда келетінін өзі жиі айтады. Аудандық, облыстық жыр мүшәйраларында көп ішінен көзге түсіп жүрген оқушылардың бірі. Аудандық жарыстарды айтпағанда, тұңғыш рәмізтанушы Ербол Шаймерденовтің 65 жылдығына орай өткізілген аймақтық “Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышымыз!” атты жас таланттар байқауында – “Ең үздік өлең”, ХV республикалық Мағжан оқулары облыстық кезеңінің “Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған” аталымдарының жеңімпазы болды. Сонымен қатар “Мен ақынмын” облыстық шығармашылық байқауында және “Дауылпаз баба – Қожаберген” байқауының облыстық кезеңінде “Өлеңнен салып жүрмін ою-өрнек” аталымында топ жарды. Жас ақынның балауса жырларын “Soltústik Qazaqstan” газетінің оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдік.
Жаз, қалам!
Жаз, қалам, жазам десең – табанды жаз,
Сарыарқа, Астанадай қалаңды жаз.
Өмірде өзі өлсе де, сөзі өлмеген,
Шәкәрім, Мұқағали, Абайды жаз.
Жаз, қалам, жазам десең – тиімді жаз,
Қазыбек, Әйтеке, Төле биіңді жаз.
Тәуелсіз елдігіңді білдіретін,
Көгіңде желбіреген Туыңды жаз.
Жаз, қалам, жазам десең – саналы жаз,
Кең байтақ сахараны, даланы жаз.
Қос қолын туа салып алға созған,
Әкеден асып туған баланы жаз.
Жаз, қалам, ата-дәстүр салтыңды жаз,
Бірлігі айнымаған халқыңды жаз.
Шындықты жаз, жүрекке жететіндей,
Халқымның жырлары мен суретіндей.
Он ғасыр зардап шеккен далаңды жаз,
Ел қылған Керей, Жәнібек бабаңды жаз.
Хандығы бес жүз елу жылға толған,
Қазақты жаз, бақытты заманды жаз.
Жаз, қалам, жазам десең – табанды жаз!
Ұлы ақынға арнау
Бір ғасыр өтті ұлы Абай бізден кеткелі,
Жүз он бес рет даланың гүлі көктеді.
Абай рухы қазақ даласын аралап,
Әр қазақтың отбасына беттеді.
Абай кім десең, қазақтың бәрі таниды,
Жұртшылықты жақсылыққа баулиды.
Өлеңдері – ұрпаққа қалған аманат,
Сіңірсе әркім бойына оны дамиды.
Абай жаны қазақтың жаны секілді,
Бұлқынған өзен, тулаған дария не түрлі.
Заңғар таулардай тылсым жұмбақты жасырған,
Мұңдансаң жазар Абай жырлары дертіңді.
Ұрпағы менмін, Абайдай асыл тұлғаның,
Түсінгім келеді қазақтың жұмбақ сырларын.
Абайды зерттеп кетермін ертең, кім білсін?!
“Сегіз аяқты” келеді жиі тыңдағым.
Ақжол САДЫРЖАН.