«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Арктика әсері

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еріктілердің “Жасыл Арктика” атты ха­лықаралық экологиялық экс­педициясы биыл бесінші рет ұйымдастырылды. Қиындығы мен қызығы қатар өрілген саяхатқа екінші рет бардым. Алғаш рет, дә­лірек айтқанда, 2019 жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде оқып жүргенде шақырту алдым. Ресейден, Қазақстаннан, Молдовадан, Израильден тағы басқа елдерден еріктілер қатысып, 200 тоннаға жуық темір қалдықтары, 500-ден ас­там ескі бөлшектер жиналып, 20 құрылыс нысаны бұзылды. Жаз болғанына қарамастан үнемі ызғарлы жел соғып тұрды. Қасымызда ақ аюлар жүрді. Сол сапардан керемет әсер алып оралдым.

Университетті бітіргеннен кейін “Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалына жұмысқа орналасып, қазір инженер-агрометеоролог болып еңбек етемін. Биылғы еңбек демалысымды ауа айы қоңыржай елде, теңіз жағасында емес, тағы да ақ аюлар мекен ететін мұзды Арктикадағы аралда темір-терсек жинаумен өткіздім. Мәңгі қар басып жататын құрлық мені бала кезден қызықтыратын. 30 күнге созылатын экологиялық акцияға қатысуға шақыру алған кездегі қуанышымды айтсаңшы!

Осы жолы да волонтерлер аралды қоқыстан тазартты. Халықаралық экологиялық экспедиция құрамында Қазақстаннан мен жалғыз болдым. Арктика сапары жайлы әлеуметтік желіде оқырмандарыммен ой бөлісіп отырдым. Кейбіреулер иесіз жатқан аралды темір-терсектен тазартуды оңай көруі мүмкін. Тіптен олай емес. Тау болып үйілген ауыр техникалардың зілдей жабдықтары, цистерналар мен бөшкелер – мұның барлығы кеңес заманынан мұра болып қалған. Оларды орнынан қозғалтып, тасу үшін алдымен бөлшектеп бұзу қажет. Оның өз қиындықтары бар. Жағалауға үйілген темір-терсек аралдан кемемен шығарылады.

Арктика – Еуразия және Солтүстік Америка құрлықтарының солтүстік шетін, Солтүстік мұзды мұхитты аралдарымен қоса алғанда түгел қамтитын жер шарының солтүстік полюсі саналады. Ауданы – 27 млн. шаршы шақырым, оның 15 млн. шаршы шақырымын мұхит суы құрайды. Құрамына Ресейдің Мурманск, Архангельск, Түмен облыстары, Красноярск өлкесі, Саха республикасы, Канаданың, АҚШ-тың, Данияның, Норвегияның бірқатар аралдары кіреді. Аралдардың солтүстігін арктикалық шөлдер, оңтүстігі мен құрлық жағалауларын тундра алып жатыр. Ауаның ылғалдылығы төмен. Көбіне тұман басып, бұлт торлап тұрады. Жел жиі соғады. Құрлықтың біраз бөлігін өзендер кесіп өтеді, олар 8-10 ай бойы қатып жатады. Ірі өзендері – Лена, Индигирка, Макензи. Көлдер де көп. Ең үлкені – Таймыр. Өсімдіктер аз. Жануарлардан ақ аю, морж, итбалық, кит мекендейді. Суық өлкенің көне тұрғындары – эскимостар, олар “инуиттер” деген атпен танымал. Бұл этникалық қауымдастыққа юпиктер, ину­пиаттар, алеуттер де жататын көрінеді. Олардың кәсіптері – аңшылық, балық аулау.

Вилькицкий аралы Карск те­ңізі жаға­лауында орналасқан, бүгінде онда ешкім тұрмайды. 1953 жылы мұнда метеостанса құрылған. Бұдан бөлек, ірі өндіріс орындары, әскери бөлімдер болған. Бұл аумақтың экологиялық жағдайын реттеумен қатар ғылыми зерттеулер жүргізу – экспедицияның басты мақсаттарының бірі. Гидрометеорологиялық қызметтің маманы ретінде ерекше қызығушылық тудырды. Аралдан екі ескі термометр таптым. Ең көнесі 1960 жылы шығарылыпты. Метеорологиялық жабдықтар қалай болса солай шашылып қалған. Психометрикалық үйшіктер де, жауын-шашын мөлшерін өлшейтін қондыр­ғыға шығуға арналған ағаш басқыштар да жиі кездеседі. Мені бір таңдандырғаны, бәрі де жақсы сақталған.

Бұған дейін Белое аралы қоқыстан та­зарты­лып, экологиялық паспорты барлық та­лаптарға сәйкестендірілген. Ендігі кезек – Виль­кицкий аралы, оған тек тікұшақ қана қатынайды. Әлі күнге дейін Арктика сапарларынан алған әсерлерімнен айыға алмай, келесі жылғы экспедицияны асыға тосып жүрмін.

Роман ГИРИЧЕВ,

халықаралық экологиялық экспедицияға қатысушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp