Солтүстік Қазақстан облысында интернет арқылы құрылыс материалдарына тапсырыс берген тұрғын 2 млн астам теңгесінен айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі СҚО полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, петропавлдық кәсіпкер интернет арқылы құрылыс материалдарына тапсырыс берген. «Сатушы» алдын-ала төлем жасауды сұраған. 2 млн астам теңгені аударған ер адам алаяққа алданғанын кеш түсініпті. Қолына ақша тиісімен-ақ «сатушы» телефонын өшіріп, сайтты интернеттен өшіріп тастаған.
Петропавлдың тағы үш тұрғыны, соның ішінде 75 жастағы әйел де бар, банктан хабарластық деген қылмыскерлерге жем болған. Тағы біреуінде алаяқ жәбірленушінің атына шағын несие рәсімдесе, тағы екі жағдайда тұрғындар жоқ тауар үшін және өтірік жалға берілетін пәтер үшін алдын ала төлем жасаған.
«Соңғы уақытта туыстарының біреуі полицияға түсті деп, мәселені шешу үшін белгілі бір соманы беру керек деп телефон соғатын алаяқтар көбейген. Тоғыз алаяқтықтың екеуі осындай сценариймен жасалған. Ақша талап етіп, телефон шалған жағдайда сұрағанын беруге асықпаңыз. Бірден туысыңызға хабарласыңыз. Сондай-ақ сізге банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкерімін деп хабарласса да бірден телефон тұтқасын қойыңыз. Ондай жағдайда шоттың жағдайын білу үшін банк филиалына барған жөн. Бөгде адамдарға банк картасына қатысты еш ақпаратты бермеңіздер. Sms-пен келетін бір реттік кодты айтуды сұрайтындар бар. Сондай-ақ өздері жаңа шот ашып, алдау арқылы соған аударуды ұсынатындар бар», – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.
Полицейдің айтуынша, алаяқтардың арбау жолдары көп.
«Соның бірі – банктен менеджермін деп хабарласып, несие алуға өтінішінің қанағаттандырылғанын айтады. «Мен өтініш берген жоқпын» деген жағдайда, алаяқ оның күшін жою үшін бірқатар мәліметті беруді сұрайды. Оның барлығы шотқа қол жеткізу мақсатында жасалады. Сондықтан абай болуларыңызды, егде жастағы туған-туыстарыңызды ескертулеріңізді сұраймыз», – дейді Петр Климов.
https://www.inform.kz/