«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Апамның астауы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жуырда жолым түсіп, туған ауылыма бардым. Алдымен зират басына соғып, аруақтарға құран бағыштадым. Менің келетінімнен хабардар жақын ағайынымыз дастарқанын жайып, күтіп отыр екен. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін шай ішіп, ас дайын болғанша бой жазу үшін далаға шықтық. Қораның бір бұрышында тұрған ескі астау көзіме оттай ба­сылды. Марқұм апамның астауы. Ұзындығы бір құлашқа жетеға­был, ені үш сүйемдей, қалың етіп жонған қара астау. Шебердің қолынан шықты деп айтуға келмес, іші-сырты тегіс болғанымен, тым қарабайыр. Әбден ыс пен май сіңіп, қап-қара болған. Кәдімгі, күнделікті қолданысқа арналған ыдыс. Ондай астауды бұрындары әр үй ұстағаны анық. Мені былай қойғанда, 1958 жылы туған әкемнің өзі апамның қара астауы болғанын айтып отырады.

Қазіргідей аста-төк заманда сол кездердегі жоқшылықты көзге елестетудің өзі мүмкін емес. Байбағылан болмаса, көшпелі өмірде шыны мен керамика, фарфордың бабын табу қиын болғаны анық, сондықтан тұрмысқа бейім ағаштан жасалған ыдыстың өтімді болғаны сөзсіз. Ал кейбір шығармалардан оқыған құрсауланған кесе – кедейліктің бір сипатындай болып қалды санамызда. Ал сол заманда тұрмыста кең қолданылған қара астаудың орны бөлек. Бүгіндері шеберлер астаудың не­бір түрін жасайды, қайың, терек, жөке ағашынан, оюын да, өлшемін де өзіңіздің қалауыңыз бойынша қатырып істеп береді. Қонақ күткенде барлықтың, молшылықтың бір белгісі ретінде дастарқанға қоясыз. Бітті, бар міндеті осы ғана. Ондай астаудың біреуі өз үйімде де тұр.

Менің көз алмай қарап тұрғанымды көрген ағам: қой сойғанда ішек-қарын аршығанда ұстаймыз, деді. Ішімнен лақтырып жібер­мей, пайдаланғанына да тәуба дедім. Бірақ жүрегім сыздап қоя берді. “Соғысқа дейін, бәлкім, кейін жасалған, сән үшін емес, күнбе-күн қолдануға арналған, әдемі емес, бірақ мықты. Ағашы қалың, бір қойдың еті артығымен сыя­тын, қазақтың пейіліндей кең дастарқанына арналған үлкен ыдыс. Талай көрешекті көрген, бірақ қаңсып, жарылса да әлі сынбаған. Қажет еткен жанға елеусіз болса да қызмет етіп келе жатқан, лақтырып жібермесе әлі де кәдеге жарайтын, тіпті күтіп-баптаса, аздап ою-өрнек салса, жылтыратып май жақса, қай дастарқанға болса да қоюға жарайды. Раритет секілді музейге қойса да…”

Ойды ой түртеді емес пе, бір сәтке қасымда тұрған ағайындарды ұмытып, өткен күндерді шар­лап кеттім. Бір жақ шеті жарылған көне астау – ыдыс емес, нағыз қазақтың өзі ғой. Балташы шал орман кезіп, астауға лайық ағаш іздеп жүр. Діңі берік, дауылға да, боранға да шыдаған дәу қайыңның жанына келді. Біраз жасаған сияқты, 40-50, мүмкін 60 жыл бойы жаз болса жасыл жапырағы желге тербеліп, қыс болса бұтағымен өзін-өзі сабалап, арқаның өткір желіне шыдап тұрған қызыл қайыңның діңіне өткір балта кірш-кірш қадалды. Көз алдыма өзегінен сөлінің жас болып аққаны келді. Жуан бөренені өгізбен сүйреп ауылға әкелгені, қабығын жонып, лайықтап кескесін қаққа айырып, суға қайнатқан сәті де санамда жүйрік аттай желіп өтті. Ертелі-кеш балтасы қолынан түспейтін шебер, айға жуық шауып, құрдасына өз қолымен әкеліп берді. Май сіңіп жып-жылтыр болған астаудың жаңа өмірі осылай басталды. Майлы болсын, қуанышқа ұстайық деп қуанған қара кемпір астауды етке толтырып көрші-қолаңды жинап шебердің алдына қойды. Осыдан кейін-ақ қара кемпір өзіне қол созса, жаңа сойылған бағыланның майы мен тұздығын бойына сіңіріп, бір жасарып қалатын күйге жетті. Жай уақытта қара астауға апамнан басқалардың қолы тимейді. Қадірлі қонақты шығарып салғаннан кейін апам астауды жуып, кептіріп, кенепке орап, көлеңкеге қояды. Елдің игі жақсылары жиналған отырыста ернеуінен асырып ет салып, төрге шығарады. Талай келелі кеңесте, құдалық пен шілдехана, қалжада ортаға алып, қол созғанда дүйім жұртқа қуаныш сыйлаған астау ғой бұл! Тіпті белі бүкшиіп, әрең жүрген кемпірдің өзі “үйімнің құты, ырысым” деп әлпештеуі де осы астаудың болымсыз тірлігін нұрландырып жібергендей болатын.

Апамның бұл дүниедегі дәм-тұзы таусылды. Ыдыс-аяқ келін­нің қолында қалды… Елдің де екі өкпесін қысқан нәубет келді. Қазаны қайнамай, түндігі ашылмай қалған үйлер қаншама. Бұл шаңырақта әйтеуір, ашықса да, талғажау етер дүние табылатын. Тіпті қонақ келгенде астауға үймелетіп ет салмаса да, Есілдің шорағай шортаны мен ақбалығын асып, талай жанға қуаныш сыйлаған күндер келді көз алдыма. Соғыстағы күйеуін ойлап, бесіктегі баласына әлди айтқан жас келіншектің шерге толы сағыныш жырын да естіді, соғыстан жарымжан болып қайтқан сарбаздың қуанышына жайылған дас­тарқанның да куәсі болды бұл астау. Бірақ бірте-бірте қуаныш тойларынан ығыса берді. Төрдегі кең дастарқанға енді бұны емес, гүлді табақты тартатын болды. Сырлы аяқты фарфор алмастырды. Ал бұл осы шаңырақтың барлық қуанышы мен қайғысын тек ауыз үйден ғана сығалап көретін күйге түсті. Бертін өзі шүйкедей кемпір болған баяғы жас келін, астауды тек ет тұздағанда ғана іздейтін.

Жылдар жылжып, ол да енесінің соңынан кете барды. Өмір дегенің диірменнің тасындай дөңгеленіп жүріп жатыр, қара астау қаңсып, қораға шығып қалды. Бір әулеттің үш буынына қалтқысыз қызмет еткен қайран қара астау!

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp