Мағжан Жұмабаев ауданының диқандар қауымы аса жауапты науқанды жоғары ұйымшылдықпен атқарып жатыр. Олар уақытпен санаспаспай еңбек етіп, әр күнді тиімді пайдаланып қалуға тырысуда.
Аудан бойынша егістік алқап 405 мың гектар болса, оның 290 мың гектарына дәнді дақылдар егілген. Бүгінге дейін оның жартысына жуығы бастырылды. Гектар шығымдылығы 9-10 центнерден айналғанымен, балуызы өте жоғары, 26-28 пайыздан кем емес. Күзгі ораққа барлығы 775 комбайн, егіс кешендері мен тракторлар тартылған. Былтыр 1,5 млрд. теңгенің, ал биыл 3,5 млрд. теңгенің 175 су жаңа техникасы сатып алынғанын айта кеткен жөн.
Жаздағы қуаңшылыққа қарамастан жекелеген шаруашылықтардың көрсеткіштері көңіл қуантады. Мәселен, облыстық мәслихаттың депутаты Алтынбек Сапаров жетекшілік ететін “Ноғайбай” ЖШС-і 18 мың гектар алқаптың 60 пайызын бастырып үлгерді, гектар берекелігі 16 центнерден, майлы дақылдардың өнімділігі 9-10 центнерден айналуда. Сол сияқты “Полудинское”, “Жигалов” серіктестіктерінде де өнімділік жоғары.
“Қамбадағы астық – қолдағы астық” деп текке айтылмаған. Ел ризығын талапқа сай сақтау үшін сыйымдылығы 265 мың тоннаға жетеғабыл төрт элеватор дайын.
Әлібай ҚҰСАЙЫНОВ,
Мағжан Жұмабаев аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы.