Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сарапшылары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша көрсетілетін қызмет сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізуде.
Мониторинг аясында 2021 жылдың 6 айында аталмыш қор сарапшылары еліміз бойынша 486 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады. Кемшіліктердің басым бөлігі (74,4 пайыз) халыққа консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету кезінде орын алды. Сарапшылардың деректері бойынша көмектер мен қызметтер көлемінің негізсіз артуы – 67 пайыз, емдеу-диагностикалық іс-шаралардың стандарттардан, денсаулық сақтау саласындағы ережелерден, клиникалық хаттамалардан негізсіз ауытқу фактілері – 16,4 пайыз, медициналық құжаттаманы дұрыс ресімдемеу 11,3 пайызды құрады. Сондай-ақ осы жарты жыл ішінде медициналық қызмет көрсетудің 11,3 мыңнан астам расталмаған жағдайы анықталды.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері бойынша медициналық қызметтер үшін ақы төлеу осы қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізілгеннен кейін ғана жүзеге асатынын атап өткен жөн. Яғни медициналық көмек көрсету стандарттары мен ережелері, сондай-ақ клиникалық хаттамалардың ұсынымдары негізінде көрсетілген қызметтер үшін ғана ақы төленеді. Егер науқас өзі алмаған қызметтің бұзылу фактісін өз бетінше анықтаса, ол туралы медициналық сақтандыру қорына хабарлауы қажет. Шағым немесе өтініш беру үшін 1406 телефонына немесе “Qoldau 24/7” мобильді қосымшасы арқылы хабарласуға болады.
Қарлығаш ІЛИЯСОВА,
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының бөлім басшысы.