Куйбышев орман шаруашылығында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен мемлекеттік орман шаруашылығы мамандарының орман өрттерін сөндіру бойынша біріккен жаттығулары өтті. Шараның басты мақсаты – орман шаруашылығы қызметкерлері мен өртсөндірушілер арасындағы өзара үйлесімді жұмысты пысықтау.
Жаттығу жоспарына сәйкес ауыл арасындағы жол жиегіне біреу темекі тұқылын сөндірмей тастап кетеді. Нәтижесінде өрт шыққан. Апат орнына дереу қалалық №4 өрт сөндіру бөлімінен 2 техника және жеке құрамның 15 қызметкері жіберіледі. Тілсіз жау орманға таралмауы үшін ауыр техника жерді жыртып үлгереді. Өрт сөндіру командасының және орман қорықшыларының үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында өрт ошағы тез арада жойылды.
Жаттығу өткізу барысында соқасы бар МТЗ-80 тракторымен жерді жырту, қолда бар құралдармен орман өрттерін сөндіру тәсілдері пысықталды.
Ринат АЙТПЫШЕВ,
Петропавл қалалық №4 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары.