«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Береген қол берекелі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Демеушілік жасау әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын үлгісі саналады. Теріскейлік алтын жүректі азаматтар туған өлкенің өркендеуіне үнемі үлес қосып келеді. Солтүстік Қазақстан облысында өткен жылы “Атамекен” бағдарламасы аясында меценаттардың ақшалай қаражаты есебінен 1,4 млрд. теңгеге 456 жоба іске асырылды. Нақтырақ айтсақ, 15 нысан салынды, 145-і қайта жаңартылды. Қайырымдылық бағытындағы 296 жоба білім беру, мәдениет, экология, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, спорт, әлеуметтік салаларда іске асты.

Бизнестің қолдауының арқасында облыс аудандары мен Петропавл қаласында гүлзарлар мен саябақтар абаттандырылды, мектептер, спорттық және мәдени кешендер, сауықтыру орталықтары, ескерткіштер жөнделді. Өңірге жұмыс күші артық аудандардан келетін қызметкерлер мен қоныс аударушыларға арналған үйлер салынды, ауыл тұрғындарына арналған медициналық орталықтар мен демалыс орталықтары, балалар алаңдары тұрғызылды.

Меценаттардың туған өлкеміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі назардан тыс қалмайды. 2018 жылдан бастап облыста бизнес-құрылымдардың өкілдері “Жомарт жүрек” сыйлығымен марапатталады. Жеңімпаздар бес аталым бойынша анықталады. Аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүгедектерге, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, зейнеткерлерге өтеусіз көмек көрсеткендерге “Жыл меценаты” атағы беріледі. “Туған өлке” аталымы елді мекендерді абаттандыруға, саябақтарды, аллеяларды, ескерткіштерді, балалар ойын алаңдарын қайта жаңартуға және салуға, денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру және спорт салаларына демеушілік көмек көрсеткені үшін беріледі. “Жыл тұлғасы” атағы белсенді азаматтық ұстанымы бар, әртүрлі бағыттардағы кең ауқымды қайырымдылық қызмет жүргізген жеке тұлғаларға табысталады. Волонтерлік қызметке қатысқаны үшін “Ерен ерлік” атағы беріледі. Ал “Жылдың үздік ұйымы” аталымы әлеуметтік маңызы жоғары жобаларды, қайырымдылық істерді немесе акцияларды тиімді іске асырып, қоғамдық маңызы бар іс-шараларға демеуші болғаны үшін заңды тұлғаларға тапсырылады.

Қазір арнайы құрылған комиссия жомарт жүректі жандарды анықтау үшін олардың атқарған қайырымды істерін қарауда. Осы орайда, 2020 жылдың үздіктерін тағы бір атап өткен жөн деп ойлаймын. Былтыр “Жыл меценаты” номинациясы бойынша Жамбыл ауданында тұратын кәсіпкер Айдар Тасмағамбетов жеңімпаз атанды. “Нұрсұлтан” шаруа қожалығы биоотынмен жағылатын қазандық салған. Сонымен қатар жалпы білім беретін мектеп пен музейді, Мәдениет үйінің шатырын жөндеуге жалпы сомасы 18,9 млн. теңгенің көмегін көрсеткен. Ал Тимирязев ауданындағы “Москворецкое” ЖШС-нің басшысы Болат Дүйсенбаев “Туған өлке” номинациясын алды. Кәсіпорынның басшысы шаруашылық мамандары үшін тұрғын үй салып, орта мектепке, әкімшілік орталықта жөндеу жүргізді. Төтенше жағдай кезінде Москворецкое ауылының сыртындағы блокбекет қызметкерлерінің тамақтануын, ауылдағы балалар ойын алаңының құрылысын ұйымдастырды. Қыруар шаруаны тындыруға 36,33 млн. теңге жұмсалыпты.

“Жыл тұлғасы” атағы Алмас Қалимұрзинге табыстылды. Тайынша ауданындағы “BioOperations” ЖШС-нің директоры Вишневка ауылындағы мектептің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп берді, пандемия кезінде ауданның провизорлық бөлімшелеріне медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуға 7,7 млн. теңгеге демеушілік көмек көрсетті. “Ерен ерлік” атағы Мамлютка қаласындағы орта мектептің мұғалімі Нұрлан Жақыпжановқа тапсырылды. Ол төтенше жағдай кезінде жалғыз тұратын адамдарға дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізуге, қар тазалауға, коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге, картоп отырғызуға, отын жаруға көмектесіп, өзге де шаруаларды тындырды. Сонымен қатар Мамлютка қаласының карантиндік стационарына азық-түлік жеткізді, өрттен кейін баспанасыз қалған отбасына көмектесу үшін қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. “Жылдың үздік ұйымы” атағы Тимирязев ауданындағы Николай Усенковқа табысталды. “Усенков Н.А” ШҚ-ның басшысы Тимирязево ауылында “Солтүстік – 2020” қысқы спорт ойындарын өткізіп, Дружба ауылының білім беру және денсаулық сақтау нысандарын жөндеуге демеушілік көмек көрсетті. Дружба ауылының мектебіне интерактивті тақта мен алты компьютер сатып әперді. 9,5 млн. теңге фельдшерлік-акушерлік пункт салды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенімдіміз.

Нұржан САДЫҚОВ,

облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp