«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ӨНЕРГЕ АДАЛМЫН”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы. Дегенмен сол өнердің киесін білетін, қадір-қасиетін ұғынған адам ғана осы салаға адалдық таныта алады. Өнерге адал азаматтың бірі – Ерден Қожахметов. Петропавл қалалық Мәдениет үйінде жұмыс істейтін ол есті әндерімен тыңдарманның көңілінен шығып, қызылжарлықтарды қоңыр дауысымен тамсандырып жүр. Өнер өлкесінде өзіндік орны бар өнерпазбен жақында сұхбаттасудың сәті түсті.

– Ерден Сайлауұлы, қызыл­жарлық көрермен сізді жеке орындаушы, әнші ретінде танығанымен, толық білмейтін сияқты. Сондықтан өнерге қалай келгеніңіз, алғашқы қадам неден басталғанын айтып берсеңіз.

– Мен Шал ақын ауданындағы Балуан ауылында дүниеге кел­дім. 2004 жылы мектепті тамамдаған соң, арман қуып Қызылжарға аттандым. Алдымда аса көп таңдау болған жоқ. Өйткені бала күнімнен өнерге құштар болып өстім. Сондықтан құжаттарымды М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің сазды-педагогика факультетіне тапсырдым. Менің де ән әлеміндегі алғашқы қадамым ауылдан басталды. Жалпы өнерге келуіме алдымен әкем Сайлау, кейін мектепте музыка пәнінен сабақ берген ұстазым Әсем Құсайынова ықпал етті. Ес білгелі жыр, терме тыңдап, ұлттық өнермен сусындап өстім десе де болады.

Біздің балалық шағымыз тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңімен тұспа-тұс келді ғой. Жарық жиі өшетін. Қараңғы бөлме, іш пысады дегендей. Әкем өнерден қара жаяу емес еді, ауылдағы жиын-той оның қатысуынсыз өтпейтін. Марқұм маған май шамның жарығымен домбыра тартуды, баянда ойнауды үйретті. Шал ақындай текті ұрпақ дүниеге келген қасиетті мекен бойға өнер қондырған соң, мен де тартынып қалмадым. Бүгінде өмірде де, өнерде де өз жолымды тапқан бақытты жанмын.

– Алған мамандығыңыз бойынша кәсіби домбырашы болсаңыз да қазір эстрадаға қарай бет бұрған сияқтысыз. Соған қарағанда заманауи әндер көңіліңізге жақынырақ па?

– Жоғары оқу орнын бітірген жылы әкем өмірден озды. Сондықтан дипломды ала сала ауылға кеттім. Мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып бір жылдай еңбек еттім. Кейін қалаға көштік. Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясына жұмысқа орналастым. “Мұрагер” ансамбліне жетекшілік еттім. Сол мектепте өнер студиясын ашқан белгілі әнші Дәмеш Құрманкинаның бағыттауымен 2011 жылы қалалық Мәдениет үйіне ауыстым.

Бұл жерде көптеген мәдени іс-шаралар өтеді. Жұмыс барысында түрлі жанрдағы әндер орындалады. Көпшілік мені эстрадалық әндердің орындаушысы ретінде тани бастады. Бірақ қазақ халқының жан сезімі, жан серігі болған домбырадан қол үзген жоқпын. Соңғы уақытта дәстүрлі әнді қайтадан қолға алудамын. Жақында Үкілі Ыбырайдың “Гәкку” әнін қоржыныма қостым. Биыл онлайн форматта облыстық дәстүрлі әншілер байқауы өтті. Сонда жүлделі орын алдым. Жанат Айтбаев, Біржан Есжан, Еркебұлан Қаріпов сынды жергілікті дәстүрлі әншілермен тығыз байланыстамын. Сондықтан өзімді бір бағытта шектеліп қалдым дей алмаймын.

– Өнер жолы – қиын жол деседі. Жалақысының аздығы, жағдай жасалмайтыны тағы бар. Қиналған, көңіл құлазыған сәттерде өнерді таңдағаныңыз үшін өкінген сәттер болды ма? Өзіңізді басқа салада елестетіп көрдіңіз бе? Ән айтудан басқа да қырларыңыз бар шығар?

– Өнерден басқа салада өзімді елестете алмаймын. Өнер халықтың – табиғи шежіресі ғой. Өмірім өнермен бірге өрілгеніне қуанамын. Бірақ мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің жалақысы аз екені рас. Соған қарамастан осы саланы таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін, өкінбеймін де. Ал басқа қырларыма келсек, кәсіби музыка маманы болған соң домбыра өз алдына, ұрмалы аспаптар, гитара, фортепиано, дауылпаз, баянда ойнаймын.

– Алдағы шығармашылық жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз.

– Жуырда жерлесіміз, белгілі диктор, композитор Бүркіт Бекмағамбетовтің “Қызылжар” әніне бейнебаян түсірдік. Елорда күніне орай қалалық Мәдениет үйі өнерпаздарының ұйытқы болуымен әні мен сөзін Біржан Есжанның өзі жазған “Астана” әні жарық көрді. Оған да бейнебаян түсірілді. Репертуарға басқа да жаңа әндер қосылуда. Конституция күніне орай онлайн концерт өткіздік. Әр концерт үлкен дайындықты, табанды еңбекті, ізденісті қажет етеді. Алға қойған мақсатым – аққуға үнін қосқан Сегіз сері, Ақан сері, Үкілі Ыбырай сынды дүлдүлдердің ізі қалған қасиетті топырақта өнерге адал қызмет ету.

Сұхбаттасқан

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp