1936 жылы жеке шаңырақ көтергеннен бергі 85 жылда Солтүстік Қазақстан облысын 26 адам басқарыпты. Солардың ішінде облыс тізгінін ең ұзақ мерзім – он алты жыл ұстаған Василий Петрович Демиденко екен. 1965 жылдың күзінде партияның орталық комитеті өңірімізді басқаруға Василий Петрович Демиденконы жіберді. Ол бүкіл Кеңес одағы халқының басына түскен аштық басталардың алдында, яғни 1930 жылы Украинаның Полтава облысына қарасты Нево-Ланное селосында дүниеге келген. Новосібір ауыл шаруашылығы институтында оқып, жоғары білім алған. Еңбек жолын бөлімше агрономдығынан бастаған. Тың және тыңайған жерлерді игеру басталған шақта комсомолдық жолдамамен Қазақстанға келген.
“Бұл 1954 жылдың наурыз айы болатын. Сонау Украинадан пойызбен бірнеше күн жүріп, Жақсы стансасына келдік. Айналада ештеңе көрінбейді, ұйытқыған боран. Бізді трактормен әкеліп бір жерге түсірді. Мені Ақмола облысының “Энтузиаст” кеңшарына бас агроном етіп тағайындады. Кеңшар деген аты ғана, ештеңесі де жоқ. Бірте-бірте құрып алдық қой”, – деп еске алатын Василий Петрович Қазақстанға қалай келгені туралы. Кейін оған “Донской”, “Ленин комсомолы” кеңшарларын құру сеніп тапсырылады. Өзін ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, білгір басшы ретінде көрсете білген Василий Демиденко Шортанды ауданын басқарды. Содан кейін Қазақ КСР астық кеңшарлары министрінің орынбасары, қазақтың өлкелік партия комитетінің ауыл шаруашылығы бойынша хатшысы болды. Тың өлкесі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарады. Ал тың өлкесі жабылғаннан кейін, яғни 1965 жылдың қараша айында Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланды.
Ол жаңа қызметке білек түре кірісіп кетті. Василий Петрович қызметте “барлығын кадрлар шешеді” деген қағиданы басшылыққа алды. Қызметкерлерді тағайындаған кезде қазақ жастары арасынан білікті мамандарды билік басына көбірек тартқанын айта кеткен жөн. Атап айтқанда, егер кәсіпорын немесе мекеменің бірінші басшысы басқа ұлт өкілінен тағайындалса, орынбасары міндетті түрде жергілікті ұлт өкілінен алынатын. Ал басшы қазақ болса, орынбасары өзге ұлт өкілінен тағайындалды. Аудандық деңгейде де солай. Қазақтың оқыған, болашағынан үміт күттіретін жастарын өңіріміздегі озат шаруашылықтарға бас маман немесе партия ұйымының хатшысы етіп жіберетін. Егер көрсеткіші жақсы болса, қызметін жоғарылатуға жол ашылатын. Бір мысал келтіре кетейін. Совет ауданындағы (қазіргі Аққайың) “Ленинский” кеңшары облыста ғана емес, республикада алдыңғы қатарда еді. Онда еліміздегі тұңғыш хлорелла зауыты ашылды. Фермаларда құрама-жем цехтары жұмыс істеп тұрды. Мал қоралары түгелдей механикаландырылды. Басқа да озық технологиялар пайдаланылатын. Осы кеңшарда тәжірибе жинақтаған Тілек Сұрағанов, Батыр Баяшев, Қуандық Қасейінов, Беркінбай Ыбыраев және басқа да қазақ жастары аудандық партия комитеттерінің хатшылары, атқару комитетінің төрағалары, облыстық мекемелердің басшылары дәрежесіне дейін көтерілді.
Жалпы Василий Петрович қай саладағы жұмысты болмасын ғылыми негізде ұйымдастыруға, еліміздегі озық тәжірибелерді қолдануға, ал оларды жүзеге асыру үшін мамандардың біліктілігін арттыруға баса назар аударды. Ғылыми-зерттеу мекемелерімен арадағы тығыз байланыс өңірімізе егіншілік және мал шаруашылығы өнімдерінің артуына ғана емес, білікті мамандарды даярлауға да септігін тигізді. Ал Қорған облысының біздің өңірмен көршілес орналасқан Петухов ауданында тұратын Социалистік Еңбек Ері, әйгілі диқан Терентий Мальцевті жыл сайы көктемгі егіс алдында өткізілетін ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кеңесіне арнайы шақыртатын. Ал ол көктемгі ауа райына байланысты қай дақылды қашан, қанша тереңдікте сіңіру керектігі жөнінде кеңес беретін. Бұл да өңірімізде егін шығымын арттыруға көп ықпал еткенін диқандар жақсы біледі.
Егін шығымдылығы демекші, мамандығы агроном болғандықтан да шығар, Василий Петрович ғалымдардың ақыл-кеңестеріне сүйене отырып, қай дақылдан болмасын мол өнім алу үшін озық әдістерді өндіріске енгізе білді. Мысалы, әр шаруашылықта кемінде үш және бес танаптық егіс жүйесін енгізді. Өйткені бір танапта жыл сайын бір түрлі дақыл өсіру егін шығындылығын төмендететін көрінеді. Ал себілетін дақылдардың түрлерін алмастырып отырған жағдайда топырақтың құнары жақсара түседі екен. Кей алқапқа бір жыл ештеңе екпей, тыңайтуға қалдырып, жаз бойы тырмалап, арамшөп өсірмесе, келесі жылы ондай жерге егін бітік өсетін.
Сондай-ақ топыраққа минералдық және органикалық тыңайтқыштар енгізуге, тұқымның біздің өңірдің жағдайына төзімді сұрыптарын себуге, агротехникалық әдістерін қолдануға баса назар аударылды. Әсіресе, тұқым себілген танаптарға сапа белгісін беру егін шығымдылығын арттыруға көп септігін тигізді. Оның мәнісі мынада: егін шыққаннан кейін арнайы комиссия танаптарды жеке-жеке тексеріп, тұқым себілмей қалған жерлер мен жолақтар табылса, ондай танапты сапасы төмен деп бағалайды. Танап басына кімнің, қандай тұқымды қашан сепкені туралы жазылған тақтайша орнатылады. Бұл диқанның беделіне ғана емес, оның еңбек ақысына да әсер етеді. Ал тұқым сапалы себіліп, егін біркелкі өсе бастаса диқанға сыйақы төленеді. Әрине, мұндай әдіс диқандардың жауапкершілін арттырары сөзсіз.
Мал шаруашылығын дамытуда да бірталай озық тәжірибелер қолданылды. Бұл салаға ерекше назар аударылғаны соншалықты, облыста мал шаруашылығы штабы құрылды. Оны көп жылдар бойы облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары Жақсылық Ысқақов басқарды. Ол кезде қазіргідей ірі қараны басқа жерлерден, тіпті алыс шетелдерден сатып алу жоқ, қолдан асылдандыру бағытын ұстанды. Төлді қыста салқын жерде ұстап, құнарлы жемазықпен қоректендіру олардың тез салмақ қосуына әсер ететінін тәжірибе көрсетіп берді. Сол үшін жемшөп сапасын жақсартуға, мал қораларындағы жұмыстарды, сиыр саууды механикаландыруға көп назар аударылды.
Халық арасында “адамдар тыңды көтерді, ал тың адамдарды көтерді” деген нақыл сөз кең тараған еді. Бұл – шыңдық. Қазақ азаматтарының арасынан да білікті мамандар, білгір басшылар шыға бастады, көбі мемлекеттік наградаға, атақтарға ие болды, әр деңгейдегі кеңес депутаттары болып сайланды. Солардың ішінде Социалистік Еңбек Ерінің Алтын жұлдызын өңірлеріне қадаған “Благовещенский” кеңшарының жүгері өсірушісі Төлебай Мұстафин, Баян ауылының трактор-егіс бригадасының жетекшісі Құрманғали Сұрағанов, Мамлют асылтұқымды мал зауытының бас аграномы Байман Тұрғынов, Бескөл ауданындағы “Луч Ленина” ұжымшарының трактор-егіс бригадасының бригадирі Молдай Байтөсов, Бескөл (қазіргі Қызылжар) ауданындағы “Новоникольский” кеңшарының механизаторы Мағауия Алазов, Совет (қазіргі Аққайың) аудандағы Чапаев атындағы кеңшардың директоры Руслан Бекузаров, Сергеев (қазіргі Шал ақын) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Есім Шайкин және басқалары бар еді. Басқа салалардан сылақшы-сыршы Хайни-Жамал Мусина, тігінші Сәруар Байсариналарды атауға болады.
Бір мақалада Василий Демиденконың игі істерін толық айтып жеткізу мүмкін емес. Ол басқарған 16 жылда облыс тұтастай құрылыс алаңына айналған еді. Осы жұмыстың кең ауқым алғаны сонша, әр шаруашылықта жыл сайын кемінде жиырма тұрғын үй салу міндеті қойылды. Ал “Союз Целинвод” тресі Көкшетау, Солтүстік Қазақстан және Қорған облыстарының 494 елді мекенін таза ауыз-сумен қамтамасыз етті. Ол кезде өңірде су проблемасы туындамайтын. Тіпті шалғайдағы мал жайылымдарына дейін электр желісі мен су құбыры тартылған еді.
Василий Петрович басқарған жылдары қалада Киров және Куйбышев, ауылдық жерлерде жаңадан Бескөл, Возвышен, Мәскеу, Тимирязев, Целинный, Жамбыл аудандары құрылып, басқару жүйесі жеңілдетіле түсті. Петропавлдағы қазіргі қуыршақ театры мен халыққа қызмет көрсету орталығының ғимараттары партия және атқару комитеттеріне деп арнайы салынды. Осы партия комитеттерінің бірінші хатшылары болып Жұмабике Сақтағанова мен Мұса Исаев сайланды. Қаланың орталық көшесінің бойында Кәсіподақтар үйі бой көтеріп, барлық саладағы кәсіподақтар комитеттері бір ғимаратқа орналастырылды. Сондай-ақ облыстық атқару комитетінің жаңа ғимаратына барлық басқармалар мен бөлімдер шоғырландырылды. Осы арқылы да басқару жүйесі жетілдіріле түсті. Бұларға қоса “Комсомолка” және “Динамо” фабрикалары, орыс драма театрының жаңа ғимараты, “Қазақстан” кинотеатры, басқа да көптеген нысандар бой көтерді. Қазіргі облыс әкімдігінің жанындағы “Қызыл-Жар” қонақүйі де сол кезде салынды.
– Осы қонақүй салынған кезде мен облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары ретінде ономастикалық комиссияны басқаратын едім, – деп еске алады Жақсылық Ысқақов ақсақал. – Қала басшылығы оған “Золотой колос” деп ат қоюды ұйғарыпты. Қаламызға ат басын бұрған қонақтар түсетін орын болғандықтан, оны комиссия мүшелері “Қызыл-Жар” деп атауды ұйғардық. Қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Александр Липовой оған келіспейтінін айтып, облыстық партия комитетіне хат жолдапты. Кезекті бір мәжілісте Василий Петрович осы хатты оқыды да, шағым иелерімен келіспейтінін жеткізді. Осы сөзден кейін бәрі жым болды. Осы қолдауды пайдаланып, кейін қалада салынған екі дүкенге “Раушан” және “Шолпан” деп ат қойып жібердік.
Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы “кадрлар ұстаханасы” деген атаққа ие болды. Өйткені Василий Петрович білікті мамандар мен білгір басшыларды даярлауға ерекше мән бергенін жоғарыда айттым. Соның нәтижесінде республика басшылығы басқа өңірлерге кадрларды, көбінесе біздің облыстан алатын. Мысалы, әр жылдары Торғай, Көкшетау, Қызылорда, Алматы, Жезқазған, Қостанай облыстарын басқарған, одан да жоғары лауазымдарда қызмет істеген Социалистік Еңбек Ерлері Еркін Әуелбеков пен Қасым Төлебаев, сондай-ақ Тауфиқ Мұхаммед-Рахимов, Мақтай Сағдиев, Константин Лосев, Балташ Тұрсынбаев, Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы болған Жақсылық Ысқақов және басқалары Василий Демиденконың тәрбиесін көрген еді.
Міне, осындай тәжірибелі мамандар, білгір басшылар тәрбиелеп өсірілген өңірдің табыстары да толағай, өзгелерге үлгі боларлықтай еді. Кей жылдары рекордтық көрсеткіштерге де қол жеткізілетін. Мысалы, 1966 жылы Қазақстан қамбаға бір миллиард пұттан астам астық құйса соның 109 миллион пұты солтүстікқазақстандықтардың қосқан үлесі болатын. Осы табысы үшін облыс Кеңес одағындағы ең жоғары награда – Ленин орденімен марапатталған, көптеген жерлестеріміз Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Ал 1976 жылы осы рекорд тағы қайталанып, облыс бойынша гектар берекелігі орта есеппен 18 центнерден айналып, мемлекетке 121 миллион пұт алтын астық тапсырылды. Осындай толағай табысқа қол жеткізгені үшін Василий Демиденко бесінші рет Ленин орденімен марапатталып, кеудесіне Социалистік Еңбек Ерінің алтын жұлдызын тақты.
Осындай тәжірибелі маманды сол кездегі республика басшылығы жер көлемі жағынан ең шағын өңірде ұстай беруді жөн көрмесе керек. 1981 жылы Василий Петровичті Қостанай облысық партия комитетіне бірінші хатшы етіп ауыстырды. Ол кезде мұндай деңгейдегі кадрлық ауыс-түйіс мәселесін Мәскеу шешетін. Оның еліміздегі ең ірі облыстардың бірін басқаруға ауысуына өңір тұрғындары бір жағынан қуанса, екінші жағынан мұндай басшыдан айырылып қалғанына өкінді. Облыстық партия комитетінің мәжіліс залында оны шығарып салуға арналған шағын жиын болды. Сонда шығып сөйлеген марқұм Есім Шайкин: “Халықта “үлкен кеменің жүзуіне үлкен айдын қажет” деген нақыл сөз бар, ал сіз сол кеменің үлкен қанаты болуға лайық адамсыз! Сәт сапар!” – дегенде жиналған жұрт ду қол шапалақтағаны әлі есімде.
Василий Петрович Қостанай облысында да барлық іс-тәжірибесін қолдана еңбек етіп, еліміздегі ең беделді басшылардың бірі саналды. 1988 жылы зейнеткерлікке шығып, 1995 жылға дейін Мәскеуде ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер, халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде директор болып істеді. 1998 жылы өмірден озды. “Новый зерновой совхоз “Энтузиаст””, “Заглядывая в завтрашнии день”, “Магистральный путь – интенсификация”, “Интенсификация – магистральный путь развития целины”, “На земле, одаренной дружбой” деп аталатын кітаптары арқылы болашақ ұрпаққа өзінің көп жылғы тәжірибесін ғибрат етіп қалдырып кетті. Оның Қызылжар өңірін өркендетуге сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес. Өзі тұрған Васильев көшесіндегі 63-ші үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылып, бір көшеге есімі берілуі соның айғағы.
Амандық ЖАНТЕМІРОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.