«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Екі елден зейнетақы алған

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Екі елден зейнетақы алып келген облыс тұрғыны енді заңсыз иемденген ақшаны қайтаруы тиіс. Солтүстік Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты “екі жеп, биге шыққысы келген” әйелдің талап-арызын қарап, осындай шешім шығарды.

Бес баласы бар әйел Еңбек, ха­лықты әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментін сотқа берген. Себебі, оған 2020 жылдың 1 желтоқсанынан бастап зейнетақы беру тоқтатылған екен. Сот екі мемлекеттен, яғни Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясынан қатар зейнетақы алып келгенін анықтағаннан кейін мемлекеттік органның шешімімен зейнетақы беру тоқтатылғанын анықтады. Көрші мемлекеттен қоныс аударған зейнеткер зейнетақы мен әлеуметтік аударымдарды ресімдеу барысында басқа ведомстводан зейнетақы және әлеуметтік төлемдер тағайындалмағандығы туралы жалған ақпарат берген. “Ол Ресей Федерациясынан 2009 жылдың 10 сәуірінен бастап зейнетақы алып келген. Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдағаннан кейін де ақша алуды жалғастыра берген, яғни 2014 жылғы 22 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасынан зейнетақы ала бастаған және 2016 жылғы 30 сәуірге дейін екі мемлекеттен ақша алып отырған”, – делінген сот таратқан ақпаратта.

1992 жылғы 13 наурыздағы “Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы” келісімге сәйкес, зейнеткер келісімге қатысушы мемлекеттер шегінде қоныс аударған кезде, зейнетақы беру зейнеткердің жаңа тұрғылықты жері бойынша заңнамада көзделсе, бұрынғы тұрған жерінен төлеу тоқтатылады.

Сот шешімімен департамент 2021 жылғы 20 қыркүйекке дейін мемлекеттік зейнетақы төлемін тағайындау туралы шешімді қарауға және бекітуге міндетті. Әйелдің 2020 жылғы 1 желтоқсаннан бастап алмай келген зейнетақысын осы жылдың қазан айында беруі тиіс. Ал әйел өз кезегінде 2014 жылдың 22 қыркүйегі мен 2016 жылдың 30 сәуірі аралығында заңсыз алынған зейнетақы төлемдерін, яғни 726230 теңгені келесі жылдың 1 маусымына дейін қайтаруға міндеттенді.

Әкімшілік іс бойынша татуласу туралы келісім жасалғандықтан сот талап-арызды қайтарды.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp