«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қуаңшылықтың кесірі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Аспанды жиі-жиі бұлт торлап, нөсерлеткен жауын соңынан күннің суытатыны анық. Әсіресе солтүстік өңірлерде қыс ерте түседі. “Қыстың қамын жаз ойла” дегендей жергілікті шаруалар егінін орып, мал азығын тезірек жинап алудың қамымен жүр.

Мамлют аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Қожаев егіс дақылдарының былтырғыға қарағанда аз жиналып жатқанын алға тартып отыр. “Біздің ауданда биыл 118 мың гектар жерге дәнді дақыл егіліп, бүгінде 72700 гектардың өнімі жиналды. Былтыр 112 мың гектар алқаптан гектар басы 15 центнерден өнім жиналған еді”, – дейді Мұрат Мейрамұлы.

Оның айтуынша, 38700 гектарға егілген күнбағыс, зығыр сынды майлы дақылдардан бүгінде 2600 гектары жиналған. Былтырғы осы мерзіммен салыстырғанда жұмыс өнімділігі 18200 гектарға кемдеу. Бұған жаздың басындағы қуаңшылық бірден-бір себеп. Сондықтан да шаруалар майлы дақылдардың өнімін кеш жинамақ. Ал дәнді дақылдарды уақытында орған абзал. Себебі күзге салым шық түсіп, жер ылғалданғанда, қайтадан көк жаруы әбден мүмкін. Мұның өзі өнімнің сапасына кері әсер ететіні анық. Оның үстіне комбайнның да жұмысына кедергі келтіреді.

“Дәнді дақылдардың өнімі жыл сайын өзгеріп отырады. Әдетте күзгі жауын өнімді уақытында жинап алуға кері әсерін тигізеді. Мәселен, биыл бір апта бойы толассыз жауған ақ жауынның салдарынан жаңа өскіндер көктеді. Жауын-шашыны мол жылдарда да өнім аз болатын жағдай кездеседі. Оған Жерананың, тұқымның, климаттың да әсері жоқ емес. Асылы, өнімді бітік күйінде жинап алған жөн. Кейбір шаруа күзге салым бас көрсететін жас өскінді дәрі шашып, қуратуды жөн көреді де, арада екі апта өткенде егінді оруға кіріседі. Бірақ оған екінің бірінің мүмкіндігі бола бермейді”, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Дүйсенбай Нұрмұхамет.

Маманның айтуынша, биыл өңірде мал азығы да жылдағыдан аздау. Тірлігін алдындағы төрт түлік малымен көріп отырған жұртшылық пішенді көлдің жағасынан, орманның төңірегінен шауып жүр. Жылда орылатын шабындық қуаңшылықтың әсерінен күнге күйіп кеткен. Сондықтан шөп бағасы да былтырғыға қарағанда ауданда едәуір қымбаттаған.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ.

Мамлют ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp