«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨРІСІ КЕҢ ӨНДІРІСТІК ЖОБАЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың қатысуымен жаңадан салынып жатқан зауыттарға баспасөз туры ұйымдастырылды. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері биыл пайдалануға берілетін “CLAAS” және “Alageum Eleсtric” кәсіпорындарында болып, озық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Баспасөз турына кәсіпорын басшылары, шаруашылық жетекшілері, қоғамдық ұйым өкілдері де қатысты.

Облыс әкімі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа жасаған жұмыс сапары барысында отандық өнім өндірушілерге, экспорттық элеуетті кеңейтуге жан-жақты қамқорлық жасалатынына көңіл аударғанын айта келіп, сөзді өңірімізде заманауи жобаларды жүзеге асырумен айналысатын шетелдік және қазақстандық ірі инвесторларға берді. Ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын “CLAAS” концернінің Шығыс Еуропа және ТМД елдері бойынша аймақтық директоры Нилс Ройтч зауыт салу идеясының осыдан төрт жыл бұрын туғанын, 2019 жылы бірлескен меморандумға қол қойылғанын жеткізді.

– Облыс аумағында заманауи үлгідегі әртүрлі маркалы техникаларды жинау туралы ұсынысқа қуана келістік. Өйткені Солтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы саласында, оның ішінде сапалы астық өсіруде Қазақстандағы көшбасшы өлке екенін жақсы білеміз. Алдағы уақытта ұзақмерзімді ынтымақтастықтарға қол жеткізетін боламыз, – деді ол. Нилс Ройтчтың айтуынша, бес жылдың ішінде бір мыңдай комбайн, 500-ден астам трактор, басқа да егіс техникаларын шығару жоспарланған. Келесі жылдан бастап комбайндардың жаңа моделі құрастырылады.

“Alageum Eleсtric” электротехникалық компаниясы “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында жоба құны 15 млрд. теңге болатын, жылына 13 мың электр қондырғысын шығаратын зауыт тұрғызып, 6,10,35 кВт-қа тең трансформаторлар мен жоғары кернеулі ұяшықтарды қыркүйек айының аяғына таман тұтынушыларына жөнелтпек. Өнімнің 98 пайызы шетелге шығарылады.

– Қазақстан нарығында 1997 жылдан бері тұрақты түрде жұмыс істеп келеміз, осымен алтыншы зауытты тұрғызудамыз. Мамандар негізінен Кентау электротехникалық колледжінде әзірленеді. 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз еттік. Тағы 280 маманды орналастырамыз, – деді компанияның негізін қалаушы, бақылау кеңесінің төрағасы Сайдулла Қожабаев. Бұл кәсіпорында корпоративті әлеуметтік бағдарламаларға да айрықша көңіл бөлінген. Зауыт жұмысшыларына арналып 40 пәтерлі үй бой көтерді. 104 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталыпты. “Серпін” бағдарламасы бойынша оқитын 19 жас маман аталмыш зауытта еңбек етуге құлшыныс білдіріп отыр.

Баспасөз туры барысында түріктің “YDA HOLDING” басқармасының төрағасы Арслан Хусейн халықаралық JCI стандартының барлық өлшемдеріне сәйкес келетін 625 орындық көпсалалы аурухана құрылысы жайында айтып берді. Ал Аризона университетінің (АҚШ) жаhандық мәселелер жөніндегі вице-президенті Брент Уайт М.Қозыбаев атындағы СҚУ-мен әріптестік байланыс жайлы ой өрбітті. Екіжақты келісім америкалық білім беру мекемесіндегі академиялық технологияларды қолдануға бағытталмақ.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp