Ел арасына көп тараған бұл әннің авторы Мәриям Жагорқызы 1887 жылы (шын есімі Мария Егоровна Рыкина) Ақмола облысындағы Қорғалжын ауданында дүниеге келген. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері. Мәңгілік махаббаттың жаршысындай болған “Дударай” әні арқылы есімі қазақ жұртына кең таралды.
Ауыл өмірі белгілі ғой, жалындаған жастық шақта жастар жиын-той, ойын-сауық, алтыбақанда кездеседі. Мәриям осындай бір жиында Дүйсен деген жігітке кезігіп, оның дудыраған бұйра шашын қызықтап, әзілмен қағысып ойнаса керек. Дүйсен болса көзі өткір, сөзге шешен, бойшаң жігіт екен. Содан Мәриямның көңілі ауып, махаббат сезімі оянып, Дүйсенге Дудар деп ат қойыпты. Оған арнап ән шығарады. Дүйсеннің бұйра шашын өлеңіне өзек етіп, әннің атын “Дудар” қояды. Дудар көңілді, сезімге толы, сонымен қатар арқаның ән дәстүрінде туған ән.
Мәриям Жагорқызы ән арнаған сүйген жігіті Дүйсен қайғылы жағдайда қайтыс болған соң, сол елдегі оқыған азаматтың бірі Боранбек Құрманғалиевке тұрмысқа шығады. Дүниеге Ырысалды, Мүслима, Сапарбек, Сайлаубек есімді төрт перзент әкеледі.
Мәриям Жагорқызы ән шығарумен қатар, ақынжанды адам болыпты. Қайтыс боларының алдында қатты науқастанып жатқан Мәриям бірнеше шумақ өлең жазып қалдырады.
Тоқташы шіркін, жүрек, мені қыспа,
Ішімде қайнаған сөз, шықсын тысқа.
Соңғы сәт тіл тыпыршып, жүрек тулап,
Ұрпаққа бір ауыз сөз қалсын нұсқа.
Жасым биыл елудің сегізінде,
Жоқ еді еш жасықтық негізімде.
Өнердің азын-аулақ арқасында.
Мәриям Жагорқызы дегіздім бе?
Білемін бұл дүниеде көп жүрмеспін.
Құрыштай күміс кеудем тек жүрмесін.
Қалмаңдар қатарыңнан, балаларым
Мәриямнан жаман туды деп жүрмесін, – деп балаларына аманат айтады.
Халқымыздың ән қоржынындағы інжу-маржандардың бірі саналатын “Дударай” атты классикалық туынды өнерсүйер қауымның жүрек түкпірінен мәңгілік орын алды. Музыка зерттеушілері А.Затаевич пен Б.Ерзакович әнді тереңірек зерттеп, шығу тарихын анықтаған. Бұл әнді алғашқылардың бірі болып қазақтың біртуар әншісі Әміре Қашаубаев орындаған. Ән негізінде поэма да, опера да жазылды. Мөлдір сезім мен шын ғашықтықтан туған әннің жарыққа шыққанына қаншама уақыт өтсе де, өз әсемдігін жоғалтпай келеді. Қазақ әндер антологиясы жинағында Жәнібек Кәрменов Мәриям Жагорқызының “Дударай” әні жайлы: “Оның әні дәстүрлі қазақ әндерімен тамырлас, өзектес бола тұра ешбіріне ұқсамайтын мақам, дара мәнермен өрілген әуезді дыбыстар үйлесімі адамның жан сезімі иіріміне бағындырылған, кең тынысқа, асқақ дауысқа құрылған бірегей туынды”, – деп пікір білдірген.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші.
“Дударай”
Мәриям Жагор деген орыс қызы,