Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысында болды. Президент бастаған ресми делегация өкілдерін Петропавл халықаралық әуежайында облыс әкімі Құмар Ақсақалов қарсы алды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылындағы “Сервис Жарс” ЖШС-нің ауыл шаруашылығы алқабына барудан басталды.
Мемлекет басшысы кәсіпорынға қарасты егістік жерлердің жағдайымен танысып, егін жинау жұмыстарына пайдаланылатын ауыл шаруашылығы техникаларын көрді. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы кәсіпорнының жетекшілерімен және механизаторларымен әңгімелесу барысында биылғы Жолдауында бұл сала бойынша тиісті міндеттер жүктегенін еске салды.
– Біз субсидия саласындағы саясатымызды жетілдіріп, реттеуіміз керек. Аталған мәселеге Жолдауымда арнайы тоқталдым. Бұл жерде бәрі айқын болуы керек. Болашақта субсидиялар мүлдем жойылып, оның орнына пайызы төмен несиелер болады деген пікір бар. Алайда қазіргі уақытта біз ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсетуіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев дайын әрі өңделген өнімнің, соның ішінде ұнның экспортқа шығарылу көлемі төмендегенін атап өтіп, қолайлы тариф саясаты қажет екеніне назар аударды.
– Біз дәстүрлі түрде Өзбекстан, Түркіменстан, Ауғанстан елдерінің нарығына ұн жеткіземіз. Жалпы Үкімет, Сауда министрлігі тарифті реттеу мәселесімен нақты айналысуға тиіс. Үкімет келешекте астыққа экспорт салығын енгізу мәселесін көтеріп отыр. Бірақ қазір қалыптасқан ахуалды ескере отырып, бұған әлі ерте деп ойлаймын. Сондықтан тауар өндірушілерге, әсіресе ұн шығаратын кәсіпкерлер үшін субсидия механизмін қайта іске қосуымыз керек. Біз қосымша құнының деңгейі жоғары дайын әрі өңделген өнімдерді экспорттауға тиіспіз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін озық техникамен қамтамасыз ету қажет екеніне назар аударды.
– Үкімет ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін осындай техникалармен қамтамасыз етуге көмек беруі керек. Егер заманауи техника болмаса, біздің ауыл шаруашылығымыз дамымайды. Бұл – анық дүние. Сондықтан Үкімет менің тапсырмам бойынша тиісті жұмыстарды жалғастырады. Екіншіден, бұл техникалар ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қолжетімді болуы керек. Несиеге қатысты саясат жалғаса береді. Несие мөлшері төмен болуы тиіс. Мен бұл мәселеге баса мән беремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жұмыс сапары барысында өңірдің əлеуметтік-экономикалық дамуы мен агроөнеркəсіп кешенінің жағдайы туралы Солтүстік Қазақстан облысының əкімі Құмар Ақсақаловтың есебін тыңдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев одан кейін ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын “CLAAS” зауытына барды. Президентке зауытта құрастырылған астық жинайтын тракторлар, комбайндар мен тұқым себетін техникалар көрсетіліп, кәсіпорынды одан әрі дамыту жоспарлары туралы баяндалды. Мемлекет басшысы “CLAAS” компаниясының халықаралық беделін жоғары бағалап, германиялық концернмен ұзақмерзімді ынтымақтастық орнату қажет екенін атап өтті. “CLAAS” өнімдерінің Қазақстан нарығына келуі бұл үлкен жетістік. Мұны өте ірі инвестициялық оқиға деуге болады”, – деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент осы өңірде бірқатар жобаларды жүзеге асырып жатқан шетелдік инвесторлармен кездесті. “CLAAS” компаниясының ТМД елдері бойынша аймақтық директоры Нилс Ройч Мемлекет басшысын Қазақстанда болашақта іске асырмақ инвестициялық жобаларымен таныстырды.
Түріктің “YDA HOLDING” компаниясының басқарма төрағасы Арслан Хусейн Петропавлда халықаралық “JCI” стандарттарына сәйкес 625 орындық заманауи көпсалалы аурухана құрылысының басталғанынан хабардар етті. Аризона университетінің (АҚШ) жаһандық мәселелер жөніндегі вице-президенті Брент Уайт аталған оқу орнының “Kozybayev University”-мен ынтымақтастық орнату жөніндегі жоспарын айтты. Бұл келісім қазақстандық жоғары оқу орнын америкалық білім беру мекемесіндегі академиялық технологиялармен қамтамасыз етуге бағытталмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық жобалармен танысқаннан кейін инвесторларға ел экономикасын, атап айтқанда, өңірлерді дамытуға қосқан үлестері үшін ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы инвесторлардың бизнес-жобаларының іске асырылуын бақылауда ұстау үшін жеке мониторинг жүргізетінін атап өтті.
Мемлекет басшысы жұмыс сапары аясында Петропавлдағы “Alageum Electric”
электротехника зауытының жұмысымен танысты. Президентке трансформатор өндірісінің технологиялық желісі көрсетіліп, кәсіпорын қызметкерлеріне жасалып жатқан әлеуметтік қолдау шаралары мен өндірісті одан әрі кеңейту жоспарлары туралы айтылды.
Зауыттың құрылысына 10 миллиард теңге инвестиция салынған. Жобалық қуаты бойынша кәсіпорын жылына 13 мың трансформатор шығарады деп жоспарланған. Шығарылатын өнімнің 98 пайызы ТМД елдеріне экспортталады. Кәсіпорын еңбеккерлері, соның ішінде оңтүстік өңірден көшіп келушілер жеңілдікпен тұрғын үй алу мүмкіндігіне ие. Шәкірттерге жағдай жасалады.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек ұжымымен әңгімелесті. Президент кәсіпорынның жұмысы мен оның экспорттық әлеуетіне жоғары баға берді. Мемлекет басшысы зауыттың табысты дами беретініне сенім білдіріп, отандық өнім өндірушілерге Үкімет тарапынан жан-жақты көмек көрсетілетінін айтты.
“Akorda.kz”.