«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РЕЙДЕРЛІК – АУЫР ҚЫЛМЫС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлерді мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекетінен қор ғау – өзекті проблемалардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікке қолдау көрсетуде прокуратураның заң үстемдігін қамтамасыз етудегі және қылмыспен күрестегі рөлі айрықша екенін бірнеше рет атап көрсеткен болатын. 2020 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде экономикалық проблемалар аясында кәсіпкерлікке қолдау көрсету ерекше өзектілікке ие екенін айта келіп, 5 жылдың ішінде кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру туралы қылмыстық іс бойынша 11, рейдерлік іс бойынша 7 адам сотталғанын мысалға келтірген еді. Президент мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіруі мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде бағалануы, кәсіпкерлер шенеуніктер тарапынан заңсыз қысым көрсе, бірден прокуратура органдарына жүгінуі қажеттігін атап көрсеткен.

Президенттің бизнесті қорғаудың құқықтық тетіктерін жетілдіруге қатысты нақты тапсырмасы негізінде “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз араласуынан қорғау және бағалы металдардың заңсыз айналымына кедергі келтіретін шараларды күшейту мәселелері туралы” заңға өзгерістер енгізіліп, 4 қыркүйектен бастап заңдық күшіне енді. Жаңа редакцияда рейдерлік заң бұзушылықтар ауыр қылмыс санатына жатқызылды. Заң нормаларында кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтық кепілдіктері күшейтілді.

Қылмыстық кодекстің 249-бабы “Рейдерлік” деп аталады. Ағылшын тілінен аударғанда бұл сөз “басқыншы” деген мағынаны білдіреді. Яғни бұл – азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарына немесе заңмен қорғалатын мүдделеріне не қоғамның болмаса мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруге алып келу, жоғары органның шешім қабылдауы кезінде анық емес мәліметтерді енгізу, атқарушы орган мүшесінің дауыс беруге нақты қолжетімділігін шектеу, көрінеу жалған сенімхатпен дауыс беру нәтижелерін әдейі бұрмалау, сатып алу құқығын іске асыру кезінде қасақана кедергілер келтіру, қысым жасау, меншік құқығын заңсыз иемдену немесе заңды тұлғаның үстінен заңсыз бақылау орнату деген сөз.

249-бап қылмысты жасаудың жаңа тәсілдерін қамтитын 1-1 бөлігімен толықтырылды. Рейдерлік басып алуға бағытталған нақтылаулар қосылды. Бақылаушы, құқық қорғау және басқа да органдардың негізсіз тексерулер ұйымдастыруы және кәсіпкерлердің қызметін шектейтін шараларды қолдануы сияқты бизнеске “күш көрсететін” әдістер арқылы қолданылатын рейдерлік әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленді. Құқық қорғау немесе уәкілетті органдардың немесе сот тәртібімен меншік иесін, заңды тұлғаны иеліктен шығаруға, оған қатысу үлесін, бағалы қағаздарды және осы заңды тұлғаға қатысты тексерулерді ұйымдастыру немесе оларға бастамашылық ету нәтижесінде өзге де мүлікті иеліктен шығаруға мәжбүрлеу жолымен рейдерлік үшін жазалау санкциялары қатаңдатылды. 249-баптың 1-бөліміне акционерлердің, қатысушылардың жалпы жиналысының шешімдер қабылдауы кезінде акционердің, заңды тұлғаға қатысушының құқықтары мен заңды мүдделеріне өзге де қысым жасау немесе заңды тұлғаның құрылтай немесе өзге де құқық белгілейтін құжаттарын, мөрлерін ұстап қалу жолымен заңды тұлғаны басқаруға не жалпы жиналыстың шешімін орындауға немесе атқарушы органның функцияларын жүзеге асыруға қасақана кедергілер келтіру рейдерліктің жаңа тәсілдері болып табылатыны анық жазылды.

Қылмыстық кодекстің 365-бабында заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру тәсілдері нақтыланды, яғни тексерулер жүргізу тәртібін бұзу, белгілі бір қызметті жүзеге асыруға арнайы рұқсат (лицензия) беруден заңсыз бас тарту немесе оны беруден жалтару, кәсіпкерлік субъектісінің қызметін және (немесе) оның банктік шоты бойынша операцияларды заңсыз тоқтата тұру, жеке кәсіпкерлік субъектісін қайырымдылыққа және өзге де іс-шараларға мәжбүрлеп тарту, жеке кәсіпкерлік субъектісіне жеңілдіктер мен преференцияларды қолдануға кедергі келтіру немесе заңсыз қолдану деген жолдармен толықтырылды. Бұдан бөлек, ұйымдарда, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер пайдаланатын үй-жайларда және оның аумағында мәжбүрлеп тексеру жүргізу тергеу сотының санкциясымен ғана жүзеге асырылады. Басқа да заңнамалық түзетулер бизнеске заңсыз немесе негізсіз араласпауға толық кепілдігін береді, мемлекеттің әл-ауқаты мен дамуын жақсартуға айтарлықтай ықпал жасайды.

“Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” Жолдауында Президент құқық қорғау жүйесінде елеулі өзгерістер басталғанын мәлім етті. Заңнамадағы барлық қайшылықтар мен көмескіліктер азаматтар мен бизнестің мүддесіне орай түсіндірілетіні заң жүзінде қамтамасыз етіледі. Қылмыстық іс жүргізудің үш буынды моделі енгізілгеннен кейін қылмыстық процеске қатысушыларды қорғау анағұрлым күшейтілді. Осы жылдың басынан бері елімізде екі мыңнан астам азаматты қылмыстық жауапқа негізсіз тартуға жол берілген жоқ. Солтүстік Қазақстан көлік прокуратурасы прокурорлық қадағалаудың жеделдігін арттыра отырып, кылмыстық іс материалдарын тіркеудің, оның ішінде рейдерлік және заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау фактілері бойынша мониторингілеудің кешенді шараларын қабылдады. Негізсіз шешімдер күшін жойды. Бизнес субъектілерін қылмыстық қудалауға заңсыз тартудың іс-әрекеттері тоқтатылды.

Бүгінде заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау фактілерінің алдын алу, бизнес субъектілерінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша мобильдік топтар құрылып, өз жұмыстарын жалғастырып келеді.

Абылайбек ОРДАБАЕВ,

Солтүстік Қазақстан облыстық көлік прокуроры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp