«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Құндылықтар қайнары

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Достық үйінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” Жолдауын талқылауға арналған “дөңгелек үстел” өтті.

Ашық әңгімеге этномәдени бірлестіктердің, құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері, ішкі саясат бөлімдерінің мамандары қатысып, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жангүл Жолмұқанова модераторлық етті. Ол өз сөзінде тарихи құжатта белгіленген маңызды шараларға, оның ішінде өңірлік саясатты жетілдірудің, саяси жаңғырудың, ұлтты ұйыстырудың басты факторларына тоқталып, Мемлекет басшысы қоғамдық өмірдің барлық саласын түбегейлі өзгертудің қағидаттарын белгілеп бергенін атап өтті. Жолдауда айтылғандай біздің нағыз күшіміз – бірлікте. “Этносаралық және конфессияаралық ынтымақтың қаншалықты маңызды екенін әрбір солтүстікқазақстандық жақсы түсінеді. Біз ассамблея мен этномәдени ұйымдардың зор мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, жалпыадамзаттық құндылықтарды жас буын бойына сіңіре білуіміз керек”, – деді ол.

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының директоры, ғылыми-сараптама тобының мүшесі Лаура Қайыржанова Жолдауда айтылған мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін арттыру, олардың халықпен байланысын оңтайландыру, мемлекеттік аппаратты нығайту мәселелеріне тоқталды. “Urpaq” қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы Гүлбақша Мұсабаева жастар тәрбиесі жайлы әңгіме өрбітті.

– Тамырын тереңге жайған, барлық қазақстандықтар үшін үлгі-өнеге боларлық мәдени, рухани құндылықтарымыз көп. Соларды өркениетті диалог пен өзара сыйластық негізіне ала отырып, келісім мен толеранттылық арқауына айналдыру маңызды. Бұл орайда ел ағаларының, зиялы қауымның, белсенді азаматтардың қолдауына сүйенген абзал. Мүлдем жаңа дәуірге қадам басқан кезеңде жастар бейберекет ақпарат тасқынына еріп кетіп, Отанды сүю, елді, жерді қадірлеу сабақтастығынан айрылып қалмауы керек, – деді ол.

Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары жергілікті қауымдастығының төрағасы Владимир Витченко ынтымақтастығымыз бен бірлігімізге негіз болатын озық тәжірибелерді насихаттауға қатысты ойларын ортаға салды. Облыстық аналар кеңесінің жетекшісі Күлімкөз Смайылова әріптестерінің пікірлеріне қосылып, Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында бірлігімізді сақтап, нығайта беруге шақырды.

Динара ЕЛЕУОВА,

“Қоғамдық келісім” КММ-нің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp