Қызылжардан таң алагеуімде жолға шықтық. Бағытымыз – Айыртау ауданы. Ел газеті “Egemen Qazaqstan”-ның Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған “Атамекен” экспедициясының құрамындамыз. Біз мінген шағын автобустың ішінде “Egemen Qazaqstan” мен “Казахстанская правда”-ның өңірдегі меншікті тілшілері Жақсыбай Самрат пен Әлия Икамбаева, “Северный Казахстан” басылымындағы әріптестерім және облыстық музейлер бірлестігінің қызметкері бар.
Таңғы салқынмен жолды өндіріп алмақ болған жүргізуші де зулатып келеді. Қыркүйектің басы мизамшуақ кезең. Жаз ығысса да, күз әлі күш алмаған уақыт. Таңертең көлікке мінерде дала май тоңғысыз салқындау болғанымен, күн көтеріле қабағы жадырап, жылып сала берді. Жол бойын жағалай өскен қайың мен терек сарыала тартқан. Осыдан 1-2 апта бұрын ғана жасыл желекке малынған орманға алтын күз өз өрнегін сала бастағандай. Қалы кілемдей құлпырып жататын шөпке де шық тұрған. Ақселеулі жазыққа қарасаң қобыздың үні келеді құлаққа. Қызылжар мен Есіл ауданын басып өткеннен Жалғызтау “менмұндалап” көзге шалынды. Бойымызды “Гәккулеген” ән кернегендей болды. Иә, Жалғызтаудың арғы жағы әйгілі Үкілі Ыбырай, Ақан, Біржан секілді сал-серілердің кіндік қаны тамған, сауық-сайран құрған жері. Содан да болар, маған осы өңірдің аспанында жыр қалықтап, қойнауында сыр тұнып жатқандай болып көрінеді. Теріскейдің жауһары атанған Имантау-Шалқар курорттық аймағын айтпаған күннің өзінде, тарихи-мәдени нысандар да бұл жақта көп. Экспедиция бағдарламасына сай осы қастерлі орындарды араламақпыз.
Экспедиция мүшелері алдымен аудан әкімі Ерболат Бекшеновпен кездесіп, келгендегі мақсатымызбен бөлістік. Әкім де атқарылған жұмыстарды тізе жөнелді. Соңғы жылдары Имантау-Шалқар аймағын дамыту үшін кешенді жоспар қолға алынған екен. Соның аясында қонақүйлер тұрғызылып, жолдар жөнделмек. Бірқатары жүзеге асқан. Туристерді тарту үшін қонақүйлер көптеп салынғанымен, жол мәселесі әлі де шешілмеген. Әсіресе, Сырымбет ауылы мен Ботай қонысы орналасқан Никольское ауылына апаратын жолдың тоз-тозы шыққан. Ерболат Бекшенов жобалық-сметалық құжатар әзірленіп, облыстық бюджеттен қаржы бөлу туралы өтініш жазылғанын айтты.
Жергілікті атқамінерлер мен аудандық газетте істейтін әріптестермен қатарымыз толығып, Сырымбет ауылына қарай бет алдық. Аудан орталығынан 40 шақырымдай жерде орналасқан бұл елді мекенге жетудің өзі азап екен. Қай жылдары салынғаны белгісіз тас жолдың ойдым-ойдымы көп, ұсақ шұңқырларды “аса елей қоймайтын” шағын автобусымыздың өзі шабандап, жүрісіміз өнбей қойды. Есесіне “Ауылым қонды Сырымбек даласына, ғашық болдым ақсұңқар баласына” деп жырлаған Ақанның әніне арқау болған кербез мекеннің көркін көлік терезесінен асықпай тамашалауға мүмкіндік туды. Әсіресе, айдын көлдердің бетіндегі құс базары жанға ерекше шуақ сыйлайды. Қалықтай жүзген аққу-қаз керім суреттің бояуын одан сайын аша түскендей. Жайсыз жолдың жағымсыз әсерін жанға дауа жұпар ауасы мен тұмса табиғаты жуып-шайып, Сырымбеттегі Шоқан Уәлиханов мұражайына жеттік. 1920 жылы қарағайдан қиып салынған бұл үй бір кездері мектеп болған екен. Қазақтың біртуар ұлдары осында білім алған, соның ішінде Кәкімбек Салықов, Еркін Әуелбектовтің шәкірттік өмірі осында өтсе, Байкен Әшімов аталмыш білім ордасында мұғалім болған. Кейін мектеп жаңа ғимаратқа көшкесін 1985 жылы Шоқан Уәлихановтың тарихи-этнографиялық мұражайы болып қайта ашылған. Музей директоры Уәлихан Құлбаев қонақтарға жәдігерлер туралы мол мағлұмат берді. Қысқа ғана ғұмыр сүрсе де артына өшпес мұра қалдырған Шоқан Уәлихановтың өмірі мен тағылымды еңбектері әлі күнге құнды. Сондықтан этнограф ғалым әрі белгілі саяхатшының балалық шағы өткен тарихи мекенге, әрі ата-бабасының зиратына келіп, тәу еткісі келетіндер көп. Жыл сайын, еліміздің түкпір-түкпірінен, көрші мемлекеттерден де қонақтар үзілмейді екен.
Музейден шыға ауылдың іргесіндегі Айғанымның қонысына ат басын бұрдық. 1824-1834 жылдар аралығында тұрғызылған бұл нысан кезінде өртеніп кеткендіктен, Шоқан Уәлихановтың салған суретіне сүйеніп өткен ғасырдың соңында қайта тұрғызылған. Кешен құрамына тұрғын үй, мешіт пен монша, сарай, диірмен секілді нысандар кіреді. Дәл жанында қонақүйлер бар. Қазіргі таңда бұл екі үй қалпына келтіріліп, жарық тартылған. Жақында пеш орнатып, қысы-жазы жұмыс істемек. Жалпы Сырымбет тауының дәл етегіндегі бұл қоныстың көз баурап, ерекше әсер сыйлайтын қасиеті бар. Жан-жағын қарағай мен қайың қатар көмкерген ну орман. Дәл жанында шалқар көл.
Музейдің ішіне кіргеннен-ақ көне жәдігерлер өткен заманға тарта жөнеледі. Ескі орыс пеші, ағаштан жасалған ыдыс-аяқ, аю терісі, терезеге тұтқан жібек перде мен қабырғаға ілінген көне айна, төсек-орын, осының бәрі екі ғасыр артқа жылжытып, тарих қойнауына лақтыра салғандай әсер сыйлайды. Экспедиция мүшелерін қарсы алуға жиналған ауыл тұрғындарын, атап айтар болсақ, ақ жаулықты әжелердің аулада отырғанын көріп келмеске кеткен күндерге қайта оралғандаймыз. Олардың ту сыртында асығын лақтырып, ханталапай ойнаған бүлдіршіндер шеті мен шегі жоқ қиялымызды одан әріге апарғандай болды. Жусаны жұпар шашқан Сырымбет ауылымен қимай қоштастық. Көлікке отырғанда Сәбеңнің “Өмір жолындағы” осы қонысқа сапарын суреттеген тарау есіме түсті. Онда жазушы бір кездердегі сәні мен салтанаты кетіп, айбынынан айырылған кезеңді, Ақанның жабырқау кезін суреттесе, мен, керісінше, жаңарған, жыл өткен сайын құндылығы артып, қастерлі мекенге айналған Сырымбетті көргендей болдым.
Бұдан соң Қарасай мен Ағынтай батыр кесенесіне бет бұрдық. Аудан орталығы Саумалкөлден шыққасын жол да тегістеліп сала берді. Қанша дегенмен мәртебелі меймандар келген нысан емес пе, жолы да тақтайдай екен. 1999 жылы ашылған бұл мемориалдық кешенге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екі рет келген. Шапырашты Қарасай мен арғын Ағынтай батыр дос болып, 17 ғасырда Есім ханның бастауымен жоңғарлармен соғысқан. Қос батырдың демі үзіліп, жаны тыныштық тапқасын осы шоқының үстіне жерленген. Тірлігінде туған жерді жауына таптатпай шайқасқан батырлар мен олардың ұлдары да осында жатыр, жай жатқан жоқ, жауына сұс, еліне асқақ рух сыйлап, алыстан менмұндалап тұр. Қызық кірпіштен қаланған кешеннің төбесі үшкірленіп, қос күмбез орнатылған. Кешеннің директоры әрі шырақшысы Самиддин Омаров бізді ғана емес, келген туристердің барлығын күтіп алып, кесене тарихы туралы егжей-тегжейлі баяндайды.
Сапар аясында әлем жұртшылығын мойындатқан, Ұлы даланың ұлылығын тағы бір паш еткен Ботай қонысына ат басын тіредік. “Әттеген-айы”, жоғарыда айтқанымдай, Никольск ауылына апаратын жолдың нашарлығы. Асфальт жолдың ой-шұңқыры көптігін және алыстығын алға тартқан жолбастаушылар төтелей тартты. Қара жердің шаңын бұрқыратып зулап келеміз. Ағысы баяу, суы таяз Иманбұрлық өзенінің бойындағы археологиялық қазбалар кезінде жылқының сүйегін тауып алған Виктор Зайберт бастаған ғалымдар Қамбар ата төлінің алғаш рет осы маңда қолға үйретілгенін дәлелдеген болатын. Энеолит дәуіріне жататын бұл қоныста адамдар біздің заманымызға дейінгі 3700-3100 жылдары өмір сүрген. Көктен түсірілген бейнекадрлар бұл жерде 800 шақты үй болғанын көрсеткен. Қазіргі күні “Ботай қонысындағы археологиялық ғылыми-эксперименталды зерттеулер мен ботай мәдениетін ұстанушылардың өмір салты, қасиетті-дүниетаным мән-мәтіндері жүйесін қамтамсыз етуді модельдеу” атты ғылыми жоба аясында сол кездегі үйлер қайта қалпына келтірілуде. Яғни, қазба жұмыстары кезінде табылған қоныстың үстінен үй тұрғызылады. Белуардан келетіндей қылып қазып, астын тегістейді де, үстіңгі жағын шошаланың төбесіндей қылып қарағайдан қиып салады. Үйдің төбесі мен жан-жағына шым төсеп, табиғи кейіпке келтіреді. 2023 жылы мұнда тарихи музей ашылмақ. Ашық аспан астындағы музейдің аға ғылыми қызметкері Ернар Естемесовтің айтуынша, қазба жұмыстары әлі жүріп жатыр. Биыл бірнеше үйдің орнын қазған, жебенің тастан жасалған ұшы, пышақ немесе қырғышқа ұқсас өткір тас, сондай-ақ керамикадан жасалған ыдыстардың сынықтары табылған. Сүйек-саяқ та жеткілікті, тіпті жылқыдан ірі жануардың ортан жілігі табылған. Бұл жәдігерлердің барлығы әлі зерттеуді қажет етеді.
Айыртау ауданына сапарымыз осымен аяқталды. Алған әсерімізден арыла алмағандық па, әлде жолдың ұзақтығы ма, қайтарда басқа түрлі ой келді. Соның бірі осы Ботай қонысына байланысты. 2023 жылы ашылуы тиіс кешенді тек ақпарат беретін, суретке түсетін орын ғана емес, көшпенділер мәдениетінің бастауы ретінде фестивальдар алаңына айналдырса деген ой қылаң берді. Иә, көшпенділер ойындары, соның ішінде жылқыға қатысты көкпар, бәйге, аударыспақ секілді жарыстардан басқа асау үйрететін сайыс өткізілсе, берісі Еуропадағы қыпшақтардың ұрпағы, арысы Америкаға ауып кеткен үндістер де ағылар ма еді деген үміт жетелей жөнелгені. Ниет болса, қазіргі дамыған заманда бұған кедергі жоқ шығар деп ойлаймын.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
СУРЕТТЕРДЕ: Айыртау ауданындағы “Шоқан Уәлиханов атындағы Сырымбет” және “Айғанымның қонысы” тарихи-этнографиялық музей-кешені мен “Ботай” музей-қорығынан көріністер.
Суреттерді түсірген
Вадим МУДАРИСОВ.