Тәуелсіздік алғаннан кейін қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси процестер мемлекеттің жаңа құқықтық базасын құруды, ең алдымен, конституциялық реформа жүргізуді талап етті. Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясын әзірлеу және оны қабылдау процесі шамамен екі жылға созылды.
Конституциялық топты Н.Ә. Назарбаевтың өзі басқарды, мен оның орынбасары болдым. Жас сарапшылар тобын біздің құқықтық ғылымымыздың патриархы Сапарғалиев Ғайрат Сапарғалиұлы басқарды. Отырыстар арасында босап, уақытым болған кезде мен топ жұмыс істейтін жерге баратынмын. Сол жерде біз Конституцияның әрбір бабы мен бөлімін егжей-тегжейлі талқыладық.
1993 жылғы Конституцияны әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының құрамына Бауыржан Мұхамеджанов, Константин Колпаков, Талғат Донақов, Юрий Ким және басқалар кірді. Дайын материалдарды біз Конституциялық комиссияға талқылауға беріп отырдық.
Ол комиссияның құрамына Парламент комитеттерінің барлық төрағалары, Үкімет өкілдері, ғалымдар кірді. Кейде бір бапты немесе ережені ұзақ талқылайтынбыз. Конституцияны біз тек 1993 жылдың қаңтарында ғана қабылдауға дайын еттік. Жобаны Нұрсұлтан Әбішұлының өзі әзірлеуші болды, сондықтан ол әрбір бапты және әрбір сөзді мұқият оқитын еді. Ол комиссия төрағасы болған, сондықтан бүкіл жобаны жатқа білетін.
Ол кезде жағдай өте қиын болатын. Өтпелі кезең еді. Бұл кезде түбегейлі идеяларды қалыптастыру қиынға соғатын еді, өйткені қоғамда тыныштық жоқты. Жағдайдың қандай болғаны, экономикалық даму, әлеуметтік саланың жай-күйі ол кезді көргендердің барлығының есінде шығар. Сондықтан жағдайдың бәрін толық реттеп, бірден озық болып шығу мүмкін емес те еді.
1992-1993 жылдардағы Қазақстанды көз алдымызға елестетіп көрейік. Біз Конституцияны әзірлеу бойынша жұмыс істеген кезде елдегі саяси ахуал өте күрделі болатын. Мемлекеттің қазынасынан қаржыландырылмайтын жаңа үкіметтік емес ұйымдар бірінен кейін бірі пайда болып жатты. Олар өз айналасына белгілі бір электоратты жинап, түрлі талаптар қоятын, сондықтан мемлекет кейде қоғамда әлдебір толқуларды тудырмау үшін олардың әрекеттерінің алдын алып отыруға мәжбүр болды.
Ереуілдер де болып тұратын: Парламенттің айналасында киіз үйлер тігіліп, онда адамдар жатты. Ол кезде, бәлкім, олардың заңды талаптары болған да шығар: адамдардың жұмыс істеуі, өмір сүруі, отбасыларын асыраулары керек еді. Мемлекеттік органдардың, Үкіметтің басшылары ғана емес, біз, депутаттар да, алаңға шығып, осы адамдармен кездестік, оларды үкімет ғимаратына шақырып, талаптарын тыңдадық, жағдайды түсіндірдік, сөйтіп, жағдайды реттеуге тырыстық.
Міне, сол кезде әлі де жоқ жаңа заңнама негізінде жаңа мемлекеттің құрылысын бастау қажет болды. Өмірдің жаңа жағдайларын құқықтық нормаларға енгізу, экономика, нарықтық қатынастар, саясат және әлеуметтік саладағы қоғамдық қатынастардың барлық қатысушыларының мінез-құлық ережелерін айқындап, белгілеу қажет еді. Мұның бәріне құқықтық нормалар жасалуы керек болды. Сондықтан, ең алдымен, Конституцияны қабылдау қажет болды.
Он екінші сайланған Жоғарғы Кеңес 1993 жылғы 28 қаңтарда тәуелсіз, демократиялық және біртұтас мемлекеттің саяси-құқықтық құжаты ретінде Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдады. Бұл оқиғаны Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен даму тарихынан алып тастау мүмкін емес.
1993 жылғы Конституция мемлекеттілікті қалыптастырудың бастапқы кезеңінде заңдық реттеуші рөлін орындады және өтпелі сипатта болды. Онда мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының кейбір қағидатты, іргелі мәселелерінің түпкілікті шешімдері көрсетілмеген болатын, мемлекеттік билік органдары арасындағы құзыретті нақты бөлу және т.б. мәселелер көрініс тапқан жоқ.
Осының барлығы да елде уақыт талаптарын ескере отырып, қоғамды, меншікті басқаруды ұйымдастыру, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мәселелерін жаңаша шешетін сот-құқықтық реформаның жүргізілуін талап етті. Күн тәртібіне еліміздің жаңа Конституциясын дайындау міндеті қойылды.
1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданып, онда басқару нысаны, мемлекеттік биліктің бірлігі және оны заң шығарушы және сот тармақтарына бөлу қағидаты туралы көптеген принципті маңызды идеялар бекітілді.
Бүгінгі таңда мемлекеттік басқарудың таңдалған моделі Қазақстан үшін оңтайлы болды деп сеніммен айтуға болады. Біздің қоғамымыз алға қойған Қазақстанды либералдық нарықтық экономикасы бар егемен, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде құру міндеті табысты түрде шешілуде. Біз қоғам мен мемлекет өмірінің түрлі салаларындағы бірқатар маңызды және түбегейлі жаңа жетістіктердің тек куәгерлері ғана емес, сонымен қатар олардың белсенді қатысушылары болып табыламыз.
Сонымен бірге біз өз өмірімізді сыни тұрғыдан бағалаймыз, объективті де, субъективті де сипаттағы проблемаларымызды жақсы білеміз. Сондықтан Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу және даму тарихын зерделей отырып, өткеннен сабақ алып, жаңа міндеттерді шешу кезінде оларды ескеруіміз, жаңа сын-тегеуріндерге лайықты төтеп беріп, жаңа белестерге нық сеніммен қадам басып келе жатқан мемлекет құруды жалғастыра беруіміз керек.
Зинаида ФЕДОТОВА,
Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері.