Айгүл Мұхамеджанқызы бала күнінен медицина маманы болуды армандаған. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының орта тұсында Ақжар ауданындағы Ұялы орта мектебін тамамдаған бойжеткен үмітін үкілеп талай қазақ зиялылары білім алған Омбы қаласына аттанып, №4 медициналық училищеге құжаттарын тапсырған. Білімді, алғыр, жауапкершілігі зор жас ретінде бірден көзге түсіп, оқуға қабылданған.
Айгүл Мүсіпова студенттік кезде де үнемі қатарының алды болды. Ақжарлық ару Омбыдағы оқуын аяқтаған соң, туған елге оралды. Алдымен Жарқын ауылындағы фельдшерлік-акушерлік қосында жұмыс істеді. Жас маман үшін алғашқы еңбек баспалдағы қызық пен қиындыққа толы болды. Ауруына араша сұрап келетін науқаста сан жоқ. Өйткені мұнда жарқындықтар ғана емес, өзге ауыл тұрғындары да көмекке жүгінетін. Оның үстіне Тәуелсіздіктің елең-алаң тұсында еліміздегі медициналық саланың ахуалы анау айтқандай жақсы емес еді. Сондықтан жас маман үшін ауылдағы медициналық ұйым шынығу, шыңдалу алаңына айналды десе де болады. Біраз тәжірибе жинақтады.
– Ол кезде медицина дұрыс дамыған жоқ. Дертіне дауа, ауруына араша сұраған жандар толассыз келетін. Барлығына дәрігерлік көмек көрсету қажет. Әр науқастың сауығып кетуі үшін аянбай еңбек еттік. Ауруға ем жасамас бұрын, емделушінің көңілін табу қажет, – деп өткен күндерді еске алған медбике қажырлы еңбек әрқашан мұратқа жеткізетінін айтты. Ауыл тұрғындары да медбикенің жанкешті еңбегін әлі күнге дейін ұмытқан жоқ. Аурудан айыққан адамдардың ризашылығына бөленуден асқан бақыт бар ма? Кейін ол Ұялы ауылындағы балабақшада медбике болып жұмыс істеді. Көмек сұрай келген еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін бірінің көңілін қалдырмады.
Жылдар жылыстап өтіп жатты. 2009 жылы Талшық ауылындағы аудандық орталық ауруханаға ауысып, заманауи медицинаның мүмкіндіктерімен танысты. Ол кезде аудандық ауруханаға жаңа қондырғылар орнатылған болатын. Медициналық құрал-жабдықтарды дұрыс қолдану да жауапкершілікті, біліктілікті талап етеді. Айгүл Мұхамеджанқызына жылжымалы флюорографияның жұмысы сеніп тапсырылады.
Тыныс алу, өкпе, кеуде қуысын айнаға түсіретін жылжымалы рентген дәрігердің өзіне қауіпті әрі зиян. Бірақ ол тұрғындардың денсаулығын басты орынға қояды. Дүниені бір тарының қауызына сыйғызған коронавирус ауруымен күресте алдыңғы шептен көрінген медбикенің еңбегін атап өтпеуге болмас. Аудандық аурухананың бас дәрігері Шолпан Сәбитова учаскелік медбике Айгүл Мүсіпова жауапкершілігі зор, өз ісінің нағыз білгірі екенін айтады.
– Емдеу мекемесінде осындай білікті мамандардың жұмыс істейтінін мақтанышпен айтамын. Науқастардың денсаулық жағдайын үнемі бақылауда ұстайды. Аудан тұрғындарына мейірбикелік көмек көрсету сапасының жақсаруына да атсалысты. Жүктілікті жоспарлау бойынша болашақ аналармен сөйлесіп, ауыл тұрғындары үшін денсаулық мектептерін ұйымдастырады. Ол қандай жұмыс тапсырылса да тиянақты орындайды, – деген Шолпан Қайыргелдіқызы ұжымда да абыройы биік екенін атап өтті. Саналы ғұмырын медицина саласына арнаған медбикенің кейінгі жастарға айтары аз емес. Үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсетіп, адал еңбегімен бақытқа бөленген ақ халатты абзал жанға тұрғындардың да алғысы зор.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.