«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұранымыз – татулық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тыңнан түрен салғандай тұңғыш ұйымдастырушысы болғандықтан ба, Аққайың ауданының Астраханка ауылдық округінде құрылған “Шаңырақ” этномәдени бірлестігінің жүріп өткен жолы менің көз алдымда.

Өткенге ойша оралсақ, сана­лы ғұмырымның 27 жылын сауыншылыққа арнаппын. Бес қызымды мәпелеп өсіріп, құтты орындарына қондырдым. Қазір 9 жиеннің, 8 жиеншардың қызығын көріп отырмын. Зейнетке шыққаным сол еді, аудандық ішкі саясат бөлімінің сол кездегі басшысы Рүстем Божатов хабарласып, адамдармен тез тіл табыса білетінімді, өнерден де қара жаяу еместігімді айтып, қояр да қоймай жүріп, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының бір алқалы мәдени жиынына апарды. Сол шарадан жақсы ой түйіп, көңілім көтеріліп қайттым. Ауылда өзім қатарлас жандар көп, солармен жиі араласатынмын. Бірде түрлі этнос өкілдерінің басын қосып, этномәдени ұйым құрсам деген ой келіп, ауылдық округ әкіміне жолықтым. Әкім бастамамды бірден қолдап, содан бері замандастарыммен бірге сан алуан іс-шараларға белсене атсалысып келеміз.

Қоғамдық бірлестік жанында “Шабыт” фольклорлық ансамблі жұмыс істейді. Зейнеткерлер ән айтумен кәсіби түрде айналыса бастады десе де болады. Бірнеше мәрте облыстық, аудандық байқауларға қатысып, жеңімпаз атандық. Ансамбль құрамындағы Тамара Дворецкая, Светлана Гай­манова, Надежда Мануйлова Шәм­­шінің әндерін тамылжыта шырқайды. Шолпан Сәрсекеева, Сәния Сатанова, Ләззат Нұрыше­ва – белді мүшелеріміз. Зейнеткерміз деп қол қусырып қарап отырған бірі жоқ.

Жақында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Ата Заңымыздың құрметіне орайластырыла өткізілген этномәдени бірлестіктердің “Салт-дәстүр” облыстық онлайн конкурсында баланы бесікке бөлеу дәстүрін көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алдық. Қаратомар клубында аккомпаниатор болып жұмыс істейтін Жайна Шерниязованың сіңірген еңбегін айта кеткен жөн. Жайна қызымыз – Сыр елінің тумасы. Теріскейге көшіп келіп, Аққайың ауданына орнық­қан. Өте ізденімпаз. Ол “Шабыт” вокалдық ансамблінің дайындық жұмыстарына жауапты, жергілікті жерде халық шығармашылығын дамыту міндеттерін мінсіз атқарып жүр.

Бүгінде музыкалық ұжым “халық ансамблі” атағын қорғауға қызу әзірлік үстінде. Ансамбль репертуарында қазақ, орыс, украин, поляк, татар халықтарының жиырмадан астам әні бар. Өркениетті диалог пен өзара сыйластықты дәріптеуде Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі айрықша. Біздің этномәдени бірлестік осынау саяси құрылымның бөлінбес бір бөлшегі ретінде қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту жолында қызмет ете беретін болады.

Светлана ҚАСЫМОВА,

“Шаңырақ” этномәдени бірлестігінің жетекшісі.

Аққайың ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp